Қарақия аудандық сотында А-ға қатысты ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Сотталушы А. «Жаңаөзен-Қызылсай» жолында өзінің басқаруындағы «Toyota Sienna» автокөлігін басқарып, ҚР Жол жүрісі қағидаларының талаптарын өрескел бұзып, жолдың қарама-қарсы бөлігіне шығып, оған қарама-қарсы келе жатқан Ғ-ның басқаруындағы «Toyota Hilux» автокөлігіне соқтығысып, жол көлік оқиғасын жасаған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Toyota Hilux» автокөлігінің жүргізушісі және ішінде болған екі жолаушы сол жерде қайтыс болған.
Сотталушы А. тағылған айыппен келісіп, кінәсін мойындап, жасаған әрекеттеріне шын өкінетінін, бас бостандығынан айыру мен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот сотталушының жасаған қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде кінәсін толықтай мойындауын, шын ниетпен өкінетінуін, жәбірленушілердің талабының жоқтығын, кешірім бергенін таныды», деп хабарлады Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оны 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.