Заң орындалуымен, халыққа пайдасын тигізуімен құнды. Көпшіліктің игілігіне қызмет етеді деген ниетпен қабылданып, қолданысқа енгізілген «Медиация туралы» заңның да негізгі мақсаты бітіммен бітетін істерді көбейту, дауларды сотқа жеткізбей шешуге жол ашу, судьялардың жүктемесін азайту болатын. Бүгінде ағайын арасындағы татулықты сақтауға негізделген, тараптардың уақытын үнемдеуге жағдай туғызып, қаржысын шашпауына мүмкіндік беретін бұл заңның көмегімен түйткілдерін шешетіндер біртіндеп көбейіп келеді. Десек те, жаңа заңның жағымды жаңалығы ретінде қарастырылған медиаторлар жұмысы біз күткендегідей белсенді көрініс тауып отырған жоқ. Ал, «Медиация туралы» заңды өміршең ету, халықтың қалауына айналдыру медиаторлардың қолында. Кәсіби, кәсіби емес медиаторлардың беделіне, біліміне, өзіне келген адамдармен тіл табыса алуына, сөзін өткізіп, бітімге келтіре алуына қарап халықтың да медиацияға деген түсінігі өзгереді, көзқарасы қалыптасады. Медиаторлар беделді, насихаты жоғары болған сайын заңның да қолданысы кеңейіп, халықтың сұранысына ие болады. Қазір қай өңірде болсын медиаторларды оқытуға, олардың тәжірибесін шыңдауға бағытталған шаралар жиі қолға алынуда. Ал, кәсіби емес медиаторларды, меніңше, айналасына қадірі бар, ауыл-аймаққа етене таныс, белгілі азаматтардан таңдаған орынды. Қазақта «Ханның айтқанын қара да айтады, қараның сөзінің қадірі жоқ» деген аталы сөз бар. Міне, осы даналық дәл медиаторларға қатысты айтылғандай. Өйткені, ел білмейтін, мойындамайтын адам билік айтып, дауды шешіп бере алады дегенге сену қиын. Медиацияның насихатына да ерекше мән берген жөн. Көпшілік біле бермейтін медиаторлардың беделін тек насихат арқылы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымды материалдар арқылы көтеруге, қалыптастыруға болады. Заңның да пайдалы жақтарын, оң ықпалдарын үнемі жеткізіп, қарапайым халықтың құқықтық сауатын көтеріп отырудың пайдасы өлшеусіз. Сонымен қатар, медиаторлардың көмегімен тез шешілген істер туралы жазылып, оның уақытты үнемдеуге, қаржылық шығынды қысқартуға қалай тиімді әсер еткені, ең бастысы, тараптарды әуре-сарсаңға салмай біткендігі нақты мысалдармен түсіндірілсе, құба-құп. Әрі мұндайда ісін медиаторлардың көмегімен бітірген жандарға сөз беріп, олар туралы тәптіштеп жазылса дұрыс болар еді. Дауларды сотқа жеткізбей шешудің тетіктері «Медиация туралы» заңда толық шешімін тапты дей алмаймыз. Әрине, заңның олқы тұстары айтылып та, жазылып та жүр. Республика судьяларының VI съезінде бұл мәселеге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми де назар аударып, медиацияның дамуына жан-жақты жағдай жасалуы керектігін қадап айтты. Соттарға түсетін жүктеменің жыл өткен сайын жоғарылап кеткенін нақты мысал¬дармен көпшілікке жеткізген төраға, бұл қиындықтан шығудың, судьялар жүктемесін азайтудың жолы деп медиацияны атады. Шынында да, бітімгершілікпен шешуге болатын істердің барлығы дерлік бірден сотқа түседі. Әрине, өз құқығын тек сот арқылы қорғағысы келетін азаматтарға ешкім кедергі келтірмейді. Бұл әрі халықтың сот жүйесіне деген сенімінің жоғарылығын көрсетпей ме?! Дегенмен, «Медиация туралы» заңға өзгеріс енгізіп, дауларды сотқа жібермес бұрын медиаторлардың назарына ұсынудың тетіктері табылса дұрыс болар еді. Қазір судьялар қауымы сотқа жүгінген жандарға бітімгершілік туралы заңның барын, дауды сол арқылы да шешуге болатынын айтып, азаматтарға ақпарат беруден әріге бара алмайды. Ал, заңға өзгеріс енгізілетін болса, онда медиаторлардың көмегімен бітетін істер саны да арта түсер еді.
Мейірбек Нургалиев Маңғыстау облыстық сотының талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы