©
Дүкенге бомба қоятынын айтып, полицияға жалған хабар берген мұнайлылық екі жыл алты айға бас бостандығы шектелді. Ол полицияға мас күйінде қоңырау шалыпты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Оқиға 2019 жылдың 07 қаңтары күні сағат 18:13 шамасында болған. С. есімді азамат алкогольдік мас күйінде өзінің ұялы телефонынан "102" нөміріне қоңырау шалып, дүкенге бомба қойып, оны жарып жіберетінін айтады. "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін Мұнайлы аудандық соты сотталушыны ҚР ҚК-нің 273-бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады", - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сот шешімімен, олған ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабының 2-бөлігіне сай оған пробациялық бақылау белгілеп, міндеттер жүктелген. Сотталушы жылына жүз сағат, күніне төрт сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылған. Ол өз жазасын жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда осы екі жыл 6 айдың ішінде өтеуі тиіс.