Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған 9 мамырда заңсыз митингке қатысуға шақырған хабарламаларға қатысты ҚР Бас Прокурорының орынбасары Б.Дембаев үндеу жариялады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Бас прокуратура бұдан бұрын осындай заңсыз жариялы акциялар ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін жауаптылықты ескерткен болатын. Алайда биыл 1 мамырда кейбір азаматтар уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлері әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын түсіндіргенін елемей, заңсыз митингілерге шығып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың құқықтық тәртіпке қайшы іс-әрекеттерінен азаматтардың демалуына және тыныштығына қауіп төнді", - делінген үндеуде.
Сондай-ақ Б.Дембаев митингілер ұйымдастырудың және өткізудің заңды тәртібін бұзуға жол берілмейтініне назар аударып, құқық бұзушылыққа кінәлілер заң алдында қатаң жауап беретін ескертті.
"Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратура арандатушылыққа берілмеуге және мемлекеттің заңдарын бұзбауға шақырады", - делінген.