©
Қазіргі азамат өркениетінің алдыңғы қатарлы құндылықтарының және әлемдік саяси ойдың даму сатылары мен бүгінгі бағыттарын білу қазақ жұртшылығына аса қажет. Қазіргі таңда мемлекеттің өзі түбірлі, күрделі өзгерістерге ұшырағанын көреміз. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына сот жүйесінің тигізер әсері де, мәні де жоғары. Демек, Қазақстан Республикасындағы сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.
«Қазақстан Республикасының сот әділдігін тек сот қана жүзеге асырады,» - деп Ата заңымызда бекітілген. Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаев Судьялардың IV съезінде сөйлеген сөзінде сот - құқықтық реформа «сот жүйесінің тиімділігіне байланысты түбегейлі проблемаларды шешуді көздейді, бұл мемлекеттің әрі қоғамның басты назарында болуы керек деп атап көрсеткен».
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдары биліктің басқа тармақтары тәріздес сот жүйесінде де біршама реформалар жүргізіліп, демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекеттің қажеттілігі негізінде, сонымен қатар жаңа заман талабына сәйкес жетілдіріліп, даму үстінде.
Азаматтардың сот актілерімен танысу бойынша сұранысы ескеріле отырып, 2017 жылдың 4 қаңтарынан бастап «Жаңа сот актілерінің банкі» атты кеңейтілген сервис пилоттық режимде іске қосылды. «Жаңа сот актілерінің банкі» сервисі арқылы 2013-2017 жылдары шығарылып, заңды күшіне енген сот шешімдері мен үкімдерін іздеуге болады. Жаңа сервистің интерфейсі арқылы тұтынушылар сот шешімдері (үкімдері) мен қаулыларына облыс, сот органы, сот процесінің қатысушысы, шешім (үкім) шыққан күні, сот ісін жүргізу түрі, істің санаты, сот сатысының түрі және қарау нәтижесі секілді критерийлер арқылы қол жеткізе алады.
Сонымен қатар, Азаматтық іс жүргізу кодексіне енетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес «Сот кабинеті» сервисін одан әрі дамыту нәтижесінде арыз-шығмдар мен өтініштерді беру, сот процесінің аудио- және бейнежазбасын қарауға, істерді іздестіруге және т.б. мүмкіндіктер жасау жоспарланған. Бұған қоса, Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың сайтында «Сот құжаттарымен танысу» сервисі іске қосылған. Аталған сервис сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сайтындағы электронды сот құжаттарымен танысуға мүмкіндік береді. Сотқа талап арызбен жүгінген азамат оның тіркелгені туралы талон алады, бірнеше күннен кейін оның ұялы телефонына немесе электронды поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен Интернет арқылы таныса алатындығы жөнінде SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындап, әуреге түспейді.
Сот жүйесіне заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот өндірісін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді және еліміздің тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімді болуына барынша мүмкіндік туғызады.
«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлық қолтаңбасы бар республиканың кез келген азаматы тұтына алады. Ақпараттық технологияларды сот жүйесінде қолдану жөнінде ынтымақтастықты одан әрі арттыру, порталды жақсарту және жаңғырту бойынша азаматтар электронды цифрлық қолтаңба көмегімен мемлекеттік органдардың виртуалды қабылдауларына өтініш жіберіп, анықтама алады, тіркеуін ауыстырады, түрлі қызметтер мен рұқсаттамаларды алуға тапсырыс береді. Жоғарғы Соттың Call-орталығына 1401 қысқа нөміріне хабарласу арқылы қосымша ақпарат алуға болады (қалалық телефон арқылы қоңырау шалу тегін).
«Сот кабинеті» адвокаттар мен заңды өкілдер қызметінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтуға жәрдемдесуде. Аталған сервиске деген сұраныс күн санап артып келеді.
Маңғыстау облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
судьясы Ж.Т.Жусупова