©
Маңғыстауда облыстық ІІД көші-қон бөлімінде 101 905 шетелдік (2017 жылы – 87 649) ресми уақытша тіркелген. Олардың 98 680 ТМД елдерінің азаматы болса, 3 225 азамат кәрі түбекке алыс шетелден келіпті.
Шетелдік те адам, олар да тәртіп бұзады. МО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон тәртібін бұзғаны үшін 4 667 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп бұзушылардың 17-сі алыс шетелдің азаматтары болса, 4 650-і - ТМД елдерінің азаматтары. Олардың 603-і Қазақстаннан шығарылған. Көші-қон полицейлерінің айтуынша, 20 шетелдік азаматтық сот тәртібі негізінде елден шығарылса, бір шетелдік түрмеден босап шыққан.
Ал Ақтау қаласында қаңтар айынан бері 462 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11-і Қазақстаннан шығарылған. Олардың басым бөлігінің құжаттары жоқ, тұрғылықты мекен-жайы белгісіз, Қазақстанда уақытша тұру мерзімі және жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен екен. Яғни, алты айда 81 азамат құжатсыз қалада жүрген. Қазіргі таңда Ақтауда 46 472 шетелдік азамат тіркеуде тұр.
Жыл басынан бері Қазақстанға жеке сапармен уақытша келгендерге 3049 шақыру хаты дайындалған. Сондай-ақ 804 шетелдікке виза алу туралы 310 мекеменің шақыру хаты мақұлданған.
2018 жылдың 6 айында көші-қон полиция бөлімшесі 9 031 төлқұжат пен 15 836 жеке куәлік берген. Тұрғылықты жері бойынша 24 224 азамат тіркеліп, ал 977 адам тіркеуден шығарылған.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен