©
«Маңғыстауда жол қозғалысы ережесін бұзған көлік жүргізушісі жол сақшысына «Келісейік, көмектесіп жібер, қазақпыз ғой» деп 2000 теңге бергені үшін басы бәлеге қалып, 336 700 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды», - деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің МО департаментінің баспасөз қызметі.
20 маусым күні «Ақтау – Жетібай» тас жолының 16 шақырымында жол-патрульдік полиция қызметкері Т.Оразұлы үзіксіз жолақты кесіп өткені үшін Газель көлігін тоқтатады. Жүргізуші К.Төлешов жол сақшысына хаттама толтырмауы үшін 2000 теңге заңсыз материалдық сыйақы ұсыныпты.
https://www.youtube.com/watch?v=iDEggMzrAOQАгенттіктің Маңғыстау облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасы көлік жүргізушісінің үстінен полицейлер жолдаған материал бойынша іс қозғап, сотқа жолдайды. Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676 бабы бойынша Мұнайлы аудандық әкімшілік сотында қаралып, жүргізуші өз кінәсін толық мойындаған. Ол өз ісіне өкінетінін, жұмыссыз екенін, кәмелетке толмаған үш баласының барын, денсаулығының сыр бергенін алға тартып қатаң жаза қолданбауын өтінген. Судья мән-жайды ескеріп, 200 АЕК мөлшерінде жаза қолдануды жөн деп тапқан. Кодекстің 819 баптың 2-ші бөлігін назарға алып, салынатын 481 000 теңге көлеміндегі айыппұл мөлшерін 30 % төмендетіп, 336 700 теңге көлемінде айыппұл салуды жөн деп тапқан.
«Кез-келген жүргізуші немесе мемлекеттік орган қызметкері осыдан нәтиже шығарса игі. Заң алдында барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Таныс-тамыр арқылы немесе сыйақы беріп жауапкершіліктен құтылып кетемін деген ойдан арылуы қажет. Талапты орындап тәртіпті сақтамасаңыз, мойыныңызға жүз мыңдаған айыппұл арқалаумен жүресіз. Таңдау қашанда өз еркіңізде», - дейді агенттіктің Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова.
Айта кетерлігі, агенттіктің аумақтық департаменті ішкі істер органдарының басшылығына заңсыз сыйақыдан бас тартқаны үшін полиция қызметкері Т.Оразұлына алғыс жариялау туралы ұсыныс бермек.
Көрнекі сурет сайттың архивінен
Видеоны Агенттіктің МО департаменті ұсынды