©
Жыл басында сайтымызда журналист Мұратбай Ұлықпанның «Жаңаөзенде мал ұрлағандар ұстатпай жүр» деген мақаласы жарияланған болатын. Құқық қорғау органдары төрт бірдей түйесінен айырылған Қызылсай ауылының тұрғыны Руслан Өмірзақовтың арызы бойынша іздестіруді бастап, Бейнеу бетінен күдіктілерді ұстаған болатын. Олар 1987 жылы Қарақалпақстан Республикасында туған, Өзбекстанның азаматы Т. Дербенов пен 1986 жылғы Түрікменстанның азаматы М. Багдашов болып шықты. Екеуі де отбасылы, бірақ жұмыссыз екен. Жақында екі жігітке қатысты сот ісі аяқталып, үкім шықты.
Сотта жұмыссыз жүрген екі жігіттің өзара келісіп, 2018 жылы 6 қаңтар күні сағат 19:50 шамасында Жаңаөзен қаласынан 5 шақырым жерде жайылып жүрген Р.Өмірзақовтың «Сарау» деген таңбасы бар екі түйесін «Газель» көлігіне тиеп алып кеткені анықталды. Көлікті М.Багдашовтың өзі айдаған. Түйелердің бірі буаз болып шықты, иесі оны 800 000 теңге тұрады деп бағаласа, екінші түйенің құны - 650000 теңге. Осылайша сотталушылар Р. Өмірзақовқа 1 450 000 теңге материалдық залал келтірілген.
"Құныққаннан дәніккен жаман" демекші, оңай олжаға кенелдік деп ойлаған екі жігіт мұнымен тоқтамай, арада екі күн өткеннен кейін Р.Өмірзақовтың тағы екі түйесін жайылып жүрген жерінен ұрлап кетеді. Осылайша түйенің иесіне тағы 1 300 000 теңге материалдық шығын келтіреді.
Басты сот талқылауында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты толық мойындаған. Айтуынша олар 2018 жылы 6 қаңтар күні Жаңаөзен қаласындағы өндірістік аймаққа темір қалдықтарын іздеп барған. Бірақ таба алмаған соң, жайылып жүрген түйелерге кезігіп, жаман ойға келеді. Сол жерде Базархан деген таныстарына «түйе аласың ба?» деп қоңырау шалып, оның алатынын білген соң екі түйені автокөлікке тиеп алады.
"Түйелерді мал сою цехына апарып, 480000 теңгеге сатып жіберген. Одан кейін 2018 жылы 8 қаңтарда тағы да екі түйені автокөлікке тиеп, біреуін 270 000 теңгеге, екіншісін 260 000 теңге сатып жіберген", - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Г. Нұрханова.
Бірақ жеңіл ақша қалай тез келсе, солай тез кетіпті. Қалталарына түскен қаражатты қос жігіт букмекерлік кеңсеге барып, ойынға ұтқызып жіберген.
Сотта түйенің иесі Р. Өмірзақов бір түйесін қолхатпен қайтарғандықтан және 1 100 000 теңге көлеміндегі материалдық шығынын өтегендіктен М.Багдашовқа кешірім беретінін айтқан. Ал сотталушы Т.Дербеновтен материалдық шығынын өндіріп беруді сұраған.
Сот үкімімен Т. Дербенов ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жәбірленушінің пайдасына 1 000 000 (бір миллион) теңге өндірілді.
Сот үкімімен М. Багдашов та ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 63-бабына сәйкес 3 жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен