©
Ақтау қалалық сотында қоғамның қызығушылығын тудырған қылмыстық іс бойынша Шымкент қаласының ІІБ-нің екі қызметкеріне қатысты ақтау үкімі шықты, - деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қазан айында 1979 жылы туған әйел өзінің 15 жасар қызымен бірге үшінші қабаттан секіріп кеткен болатын. Кейін емханада жатқан екі азаматшаның полицейлерден қашпақшы болғаны анықталды. Сол кезде Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі 1979 жылы туған азаматшаның Алматы және Шымкент қалаларында ұрлық істеді деген күдікпен іздестіруде жүргенін, оған қатысты Шымкентте ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Осы оқиғадан кейін екі полицейге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 362 бабы 2 тармағы бойынша лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдаланды деген айыппен іс қозғалды. Сотта белгілі болғандай Шымкент қаласының ІІБ қос полицейі 2017 жылдың қазан айында Алматы және Шымкент қалаларында ұрлық істеді деген күдікпен іздестіруде жүрген күдікті әйелді тергеушінің қаулысына сай, Шымкентке мәжбүрлеп жеткізу мақсатында Ақтауға іссапармен келген. Ақтауға келе салысымен полицейлер күдіктінің тұрған жерін анықтайды. Полицейлер күдікті әйел мен қызына ұшаққа билет сатып алып, қаладан кеткенге дейін екеуін жалдамалы пәтерге орналастырады. Олар полиция қызметкерлеріне көрінбей терезеден секіріп қашпақ болып, ақыр соңында Маңғыстау облыстық ауруханасынан бір шығады. Сот-медициналық сараптама терезеден секірген күдікті орта дәрежедегі дене жарақатын алған деген қорытындыға келеді. - Сот талқылауы барысында полиция қызметкерлерінің күдікті мен оның кәмелетке толмаған қызына физикалық және психикалық қысым көрсетілмегені, күдікті мен оның қызы пәтер терезесінен шығып, секірген кезде екі полиция қызметкерінің де пәтерде болмағаны дәлелденді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Полиция қызметкерлерінің ешқандай қысым жасамағанын күдікті әйел де жазбаша түрде мәлімдеген. Ол сотқа қатысудан бас тартқанымен, "өзіне ешқандай күш көрсетілмегенін, мәжбүрлеп тергеуге жеткізу туралы қаулымен танысқан соң жауапқа тартылудан қорқып, қашуға оқталғанын, өздерінің абайсыздықтарынан дене жарақаттарын алғандарын" көрсетіп, жазбаша арыз берген. Сот зерттелген, тергеп-тексеру және сот барысында жинақталған дәлелдемелерге сай, екі полиция қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық Кодекстің 362-бабының 2-бөлігімен тағылған айып толық дәлелін таппағандықтан, оларға қатысты ақтау үкімін шығарды. Шешім заңды күшіне енген жоқ. Ал күдікті іздеу жарияланғанына қарамастан, қазіргі кезге дейін күдікті ұсталмай, тергеу мен соттан жалтаруда.Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен