Маңғыстауда тепловоз бен жүк көлігі соғысты. "Бұл оқиға өткелден өту ережесін бұзған автокөлік жүргізушісінің кінәсінен болған", - деп хабарлады «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметі өзінің ресми сайтында.
Компанияның мәлімдеуінше, төтенше жағдай 26 мамыр күні «Құрық порты - Маңғыстау жүк тасымалы бөлімінің Ерсай темір жол бөлігінде болған. Қиыршықтас жүгі бар «Горнорудная компания Магистраль» ЖШС-нің ашық вагондарын кіреберіс жолдарға беру кезінде тепловоз машинисі "Камаз» жүк көлігінің темір жолға кенеттен шығып кеткенін байқап тежегішті шұғыл іске қосқан. Тепловоз бұл кезде 10/15 шақырым/сағат жылдамдықпен қозғалған.
«Жүк көлігінің жүргізушісі STOP ескерту белгісін елемей теміржол өткелінен өтіп кетпек болды. Тепловоз тоқтап үлгермей, жүк автокөлігіне соқты. Зардап шеккендер жоқ», - деп мәлімдеді "ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясының баспасөз қызметі.
Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдын ала версия бойынша соқтығыс өткелден өту ережесін бұзған автокөлік жүргізушісінің кінәсінен болған.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 25 қарашасында Теңге ауылының маңындағы теміржол өткелінде №3 маршрут бойынша жолаушы тасымалдайтын «Газель» мен тепловоз соқтығысқан болатын. Нәтижесінде 27 адам зардап шегіп, маршрутта отырған9 жолаушы қайтыс болған еді.2018 жылдың 2 мамырында Жаңаөзенде «Газель» мен тепловоздың соқтығысуына қатысты сот ісі басталды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет ютуб ашық желісіндегі видеодан алынды