©
Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар каникулға шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күнтәртібінде тұр. Жасөспірімдер тәртібіне қатысты назарда тыс қалып келе жатқан тағы бір мәселе – колледждерде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң, білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады. Бірақ Қазақстандағы колледждерде арнайы инспекторлар жұмыс істемейді. Колледжде әлдеқандай заңбұзушылық бола қалса, ондағылар колледж орналасқан ықшамаудандағы полиция бекетіне барып арыздануға мәжбүр. Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен болған әңгімеден аңғарғанымыз, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек.Шамшат Сисенбековна Абуова,
Маңғыстау облысының
кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы