Республикада жүз мыңдаған іс «қыдырып» жүреді
[ 2017 ] 26 қыркүйек, 10:46 | Құқық
Заңды органдарда барлық қылмыстық істердің құжаттарын, яғни мұрағатты толықтай қағаз күйінде сақтау мүмкін емес. Бұдан былай заңды құжаттарды электронды түрде сақтап, қабылдап, бақылап отыруға болады. Бұл туралы бүгін брифингте Маңғыстау облыстық прокуратура басқарма басшысы Азамат Валиев мәлімдеді.
Бір ғана статистика, жыл сайын облыста 2 мыңнан астам іс тергеледі, ал республикада 500 мыңнан астам. Барлығы қағаз күйінде. Қағаз бетіндегі құжаттарды жоғалту, жалғанын жасату, жою – бір-ақ сәт. Бас прокуратурамен арызды тексеру үшін сұралатын істер жолда кем дегенде 2 не 3 апта жүреді, кері қайтаруға – 20 күн уақыт керек.
- Осылайша, республикада (қажет болса дүние жүзінде) жүздеген мың істер «қыдырып» жүреді. Сол себепті қылмыстық статистика комитеті «Электронды қылмыстық іс» бағдарламасын әзірлеп жатыр. Нақты айтсақ, компьютердегі жүйеге қылмысты тіркеу, сотқа дейінгі тергеу және қылмыстық жазаны орындау кезеңдері енгізіледі, - дейді басқарма бастығы орынбасары Жандарбек Спан.
Валиев Азамат Сардарбекұлының айтуынша, «Электронды қылмыстық іс» жүйесі іске қосылса, іс құжаттары жоғалмайды, бұрмаланбайды. Бастысы, қисапсыз қағаздан құтылуға болады. Электрондық форматқа көшсе, құжаттар орталықтар мен аудан арасында апталап «қыдырмайды». Тергеу мерзімін қысқартып, қарапайым адамдардың уақытын үнемдеудің бірден-бір жолы осы. Ал жүйеде 100 шақты процессуалдық құжаттардың үлгісі (шаблоны) болады. Ең оңай, соттан санкцияны электронды түрде алуға болады.
Қазіргі таңда, Алматы, Ақмола, Жамбыл, ОҚО облыстарында біртіндеп осы бағдарламаға өту жүйесі жүргізілуде. Жәбірленуші, айыпталушы, қорғаушы істің қалай қаралып жатқанын онлайнда қарай алады, ал электронды шағымдар модулінен прокурор басқа тараптардың тергеуші іс-әрекетіне шағым түсіргенін онлайн қарай алады.
Айгүл ДӘДЕН
858
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.