©
Маңғыстау облыстық сотында судьялар мен сот қызметкерлерінің қатысуымен Маңғыстау облыстық сотының төрағасы м.а. Нұрсапа Примашев пен «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға салтанатты түрде қол қойды.
Екі жақты ынтымақтастық барысында сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралы қоғамда халықтың құқықтық сауаттылығын, сотқа сенімін арттыру, сот реформаларын іске асыру және ақпараттық жарияланым заңдылықтарын сақтай отырып, сот-құқық туралы ақпаратқа жылдам және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету жолдарын қарастырады. Ынтымақтастықтың мақсаты –ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары» аясында сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша алға қойған міндеттерін орындау. Меморандумға қол қою арқылы Маңғыстау облыстық соты жергілікті БАҚ өкілдерімен байланыстарын нығайтты. Аталған құжатта сот жүйесінің реформалары аясында ақпараттарды тұрақты жариялау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сот ісін жүргізудің табиғаты мен мәнін ашып көрсетуге, тұрғындардың бойында құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатысты төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған материалдарды әзірлеу мен тарату және журналистердің кәсіби дағдыларын арттыру мәселелері қарастырылған.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін тараптар бірлескен түрде 4700-ге жуық таралымы бар облыстық саяси-қоғамдық «Маңғыстау» газетінен «Адам.Қоғам.Заң» деп аталатын сот билігі, заң және құқық туралы қосымшасын шығаруды көздеп отыр.
Тағы оқыңыздар: Латын әліпбиінің маңызы мен мазмұны-ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды факторы
Сонымен қатар, өзара ынтымақтастық азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын сақтау, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ іскерлік беделін қорғау мүмкіндіктерін қарастырады, сот отырыстарына БАҚ өкілдерінің кедергісіз қатысуын, сот ғимаратына смартфон, планшет, видеокамера, т.б. техникалық құралдары алып кіруін қамтамасыз етеді, сот істері туралы алғашқы дереккөз болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті басылымдардың статусын арттыру, тиражын көбейту, маңызды ақпараттармен қамтамасыз ету мәселелері де өз шешімін табады деп күтілуде.
Облыстың сот корпусы ұсынған тың бастама «Маңғыстау медиа» ЖШС басшылығы тарапынан қолдау тапты. Газет қосымшасының алғашқы нөмірі ҚР Ата Заңы Конституция күні қарсаңында жарық көреді деп күтілуде.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ