Сот кабинетінің пайдаланушыларының қатарына жататындар: Қазақстан Республикасының азаматтары; мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері; адвокаттар, жеке және заңды тұлғалар болып табылады. «Сот кабинеті» арқылы арыз беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлы қолтаңба алуы қажет. «Сот кабинеті» - бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтерін қолдануға мүмкіндік беретін біртұтас терезе, ол арқылы азаматтар, олардың өкілдері немесе адвокаттары ғаламтордың көмегімен өтініштері мен арыздарын электронды түрде жібере алады. Сонымен бірге, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеу, сот құжаттарын қарау, істің тарихымен танысу мүмкіндіктері де қарастырылған. Жаңадан енгізілген аталмыш қызмет түрлері мүдделі тұлғаларға істің қаралу мерзімдерін бақылап отыруға пайдасын тигізеді. Электронды құжаттарды беру сервисін пайдаланушылар сотқа «Қосымша құжаттарды жіберу» бөлімін пайдалану арқылы құжаттарды қосымша жібере алады. «Кассациялық шағым» сервисін жүзеге асыруда шағым беруші «Сот актілерін» қайта қарау» бөлімі арқылы өз таңдауын жүзеге асырады. Жіберу туралы талон беріледі. Содан соң «Іс бойынша құжаттар» бөлімін пайдаланып өздерінің пікір, талап, арыз, ескертулерін жібере алады. Құжат беруші әрі қарай электрондық арыз толтырады. «Өтініштер» бөлімін таңдауды жүзеге асырады. Ол үшін электрондық өтініш нысанын толтырады. Толтырып болған соң дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады. Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады. Содан соң жіберу туралы талон қалыптастырылады. Жіберілген құжаттар «Берілген құжаттар» қосымша бетінде көрсетіледі. Электрондық құжаттарды беру жүйесін пайдаланушы істі қарау барысының динамикасымен танысуына болады. Осының барлығы заманның талабына орай орындалып жатқан жаңалықтар легі десе болады. Сондықтан жаңалықтарды пайдалана отырып, уақытты тиімді пайдаланып, әрі нақты жауаптарға дер кезінде қол жеткізуге болады. «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылы сотқа электронды құжаттар беру тәртібі туралы нұсқаулық ҚР-ның Қылмыстық процессуалдық кодексіне «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚР-ның заңдарына сәйкес әзірленді. «Сот кабинеті» сервисі арқылы мемлекеттік органдардан электрондық түрде талап арыздарды қабылдау жұмыстарының ұйымдастыру нәтижесінде қағаз құжат айналымы азайып, оның орнына заман талабына сай электронды құжат айналымы жұмыстарын күшейту күтілуде.
Рақымжан БИМАҒАМБЕТОВ, Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі