Ақтау қалалық сотында ҚР-сы ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігімен Е. деген азаматқа қатысты электрондық қылмыстық іс қаралды.
Е., деген азаматты 2 шілде күні 12.45 шамасында, Ақтау қаласы 35 шағынауданда орналасқан құрылыс ғимаратының қасында полиция қызметкерлері ұстаған. Екі куәгердің қатысуымен тергеу судьясының санкциясынсыз жеке басына тінту жүргізіліп, соңғының иығына тағылған қара түсті сөмке ішінен, қасақана заңсыз өзінде сақтап, алып жүрген 1 дана қара түсті маркасы «СТРАЖНИК» «МР-461» атуға жарамды тапанша және 1 дана патрон әскери атыс қаруына арналған оқ-дәрі анықталып, алынған.
Сот талқылауында зерттелген, анықтау және сот барысында жинақталған дәлелдемелерге баға бергенде, сот Е.-нің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті ҚР-сы ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігінде көрсетілген, яғни жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, сол сияқты оның патронын заңсыз сақтау, алып жүру деген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған деген тұжырымға келген.
Қазақстан Республикасының 30.12.1998 жылғы № 339 «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңының 27-бабының 1/,4/-бөліктеріне сай, қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсатын алған заңды және жеке тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға рұқсат етіледі.
Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын есепке алу, сақтау, алып жүру, тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау және жою тәртiбiн қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Яғни, Е.-нің жасаған қылмысы қоғамдық қауiпсiздiкке, қоғамдық тәртіпке қарсы құқық бұзушылықтар қатарына жатады.
Сот талқылауы барысында Е.-нің жасаған қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері өз дәлелін тапты және соңғының өзі аталған жағдайды теріске шығарған жоқ. Е. жасаған қылмысы бойынша кінәсін толық мойындады.
Сот 10 тамыз 2021 жылғы сот үкімімен ҚР-сы ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігімен Е.-ні кінәлі деп танып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, ҚР-сы ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сай, негізгі жаза тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, міндеттер орындау жүктелген.
Одан басқа, ҚР-сы ҚК-нің 98-1, 98-2 баптарына сай Е.-ден жәбірленушілердің өтемақы қорының пайдасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 29 170 теңге мәжбүрлі төлем өндірілген.
Г. Байтұрова,
Ақтау қалалық сотының судьясы