Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінен тұрады. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына негізделеді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдардың міндеттері-адамның және азаматтың, бостандықтары мен заңды мүдделерін, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылықты, меншікті, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін әкімшілік құқық бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу. Қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 25 тарауында қамтылған. Атап айтқанда, 434 бап ұсақ бұзақылық, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау, тыныштықты бұзу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат беру, қоғамдық орындарға мас күйінде келу, жекелеген қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салуды бұзу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы, құмар ойындар, Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу қарастырылған. Аталған тарауда қамтылған әкімшілік құқық бұзушлықтардың ішінде сотта көбінесе ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар қаралуда. Атап айтқанда ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орында былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиісу, тұрғын жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару және қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңірегіндегілерге сыйламаушылықты білдіретін басқа да іс-әрекеттер жасалған жағдайда, сотпен жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің үштен онға дейінгі мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу туралы жазасы қолданылады. ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігінде көзделген әкімшілік істер күн сайын қаралуда. Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам осы Кодекс бойынша жауаптылыққа тартылуға тиіс. Сондықтан, әрбір адам өзінің іс-әрекетіне қашанда жауапкершілікпен қарауға міндетті. Заң талаптарына қайшы іс-әрекет жасалғаны анықталған жағдайларда, сотпен құқық бұзушыларға тисті жазалар қолданылады.
Г.Суйеуова Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы