2023 жылдың 11 айында өңірдегі жедел медициналық жәрдем бригадасы 256 876 шақырылымға барған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО-ға сілтеме жасап.
Жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Өтесін Сәрсеновтің айтуынша, ЖМК диспетчері қабылдаған қоңыраулар жеделдіктің 4 санатына бөлінеді:
1. Шұғылдықтың 1-санатына шақыру — шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін, өмірге тікелей қауіп төндіретін пациенттің жағдайы;
2. Шұғылдықтың 2-санатындағы шақыру —медициналық көмек көрсетусіз өмірге ықтимал қауіп төндіретін пациенттің жағдайы;
3. Шұғылдықтың 3-санатындағы шақыру — медициналық көмек көрсетусіз денсаулыққа ықтимал қауіп төндіретін пациенттің жағдайы;
4. Жеделдіктің 4-санатына шақыру — науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуынсыз, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың өршуінен туындаған пациенттің жағдайы. 4-санаттағы шұғыл шақыруларға емхана жанындағы ЖМК бөлімшелері қызмет көрсетеді.
Ал жыл басынан бері бірінші санат бойынша — 17 317, екінші — 81 343, үшінші — 74 182, төртінші санат бойынша — 84 034 қоңырау түскен.
«Жедел жәрдем ҚР ДСМ №225 / 2020ж бұйрығына сәйкес жұмыс істейді. Осы бұйрықтың негізінде барлық шақыртуларды «103» пультіне фельдшерлер қабылдайды. Бұдан әрі «КӨМЕК» автоматтандырылған бағдарламасы арқылы шақыруды бос бригадалар бойынша бөлетін аға эвакуатор-диспетчерлерге жібереді. Жедел жәрдем станциясында тәулігіне «103» пультінің шақыртуларын қабылдау бойынша 8 диспетчер, 2 аға эвакуатор-диспетчер жұмыс істейді. Біріншісі шақыруларды қала бойынша бөлуге жауапты. Олар Ақтау және Жаңаөзен қалаларына, ал екінші диспетчер аудандар бойынша (Мұнайлы, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау) жұмыс істейді. Желіде күн сайын 53 жедел медициналық жәрдем бригадасы, 2 медициналық авиация бөлімшесінің бригадасы қызмет етеді»,- деді Өтесін Сәрсенов.
Сонымен қатар спикер адам өміріне қауіп төніп, жедел көмек қажет болған жағдайда 10 минутта жедел жәрдем қызметі жетуі тиіс екенін айтты.
«Медициналық көмек пациент өміріне қауіп төнгенде 15 минут, пациент денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретін жағдайларда 30 минут, ал пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген жағдайда 60 минутта жетуі тиіс. Айта кеткен жөн, бүгінде дене қызуын түсіру үшін 103 бригадасы әдетте гипептермия кезіндегі шұғыл көмек — литикалық қоспаны дайындамайды. Яғни анальгин және димедрол дәрілік препараттарының қоспасы салынбайды. Ересектер мен балалардың дене қызуын жасанды түрде түсіру ағзаға зиян»,- дейді Өтесін Сәрсенов.