Қызылша - инфекциялық жұқпалы ауру. Бұл ауру көбінесе балаларда кездеседі. Алайда ауруға қарсы екпе алмаған және бұрын соңды ауырмаған адам қай жаста болса да қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Бұл туралы Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен ауа тамшылары арқылы сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы болып саналады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Дерттен сауыққан адамда қызылшаға қарсы табиғи иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені оның бойында анасынан берілген вирустан қорғайтын ауруға қарсы денелер уақытша сақталады.
- Аурудың негізгі белгілері бар. Атап айтқанда, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, қабақтың ісінуі, бас ауруы, ұйқысыздық, жалпы мазасыздық, тамаққа тәбеті болмау, шырышты секрециясы бар күшті ринит, құрғақ жөтел, конъюктивит, 3-8 күн ішінде дененің бөртуі байқалуы мүмкін. Ауру белгілері байқалған жағдайда сау адамға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды,- дейді Бибізада Дүйсенбаева.
Науқас ең алдымен қан және несеп талдауын тапсырады. Бұдан бөлек дәрігер нұсқауымен өзге де тексерістерге жолдануы мүмкін. Ауру ошағы, яғни, науқаспен қарым-қатынаста болған жандар 21 күн бойы дәрігер бақылуында болады.
- Екпе алмаған 20 жастан асқан ересектер мен 5 жасқа дейінгі балалар қызылшамен жиі ауырады. Сондықтан ауруды алдын алудың жалғыз жолы — вакцина, - деді Бибізада Дүйсенбаева.