2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы аймағында эхинококкоз ауруының 7 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«2023 жылдың салыстырмалы мерзімімен қарағанда ауру деңгейі 9 жағдайға төмендеп отыр. (2023 жылы -16 жағдай, көрсеткіші – 2,06). 14 жасқа дейінгі балалар арасында эхинококкоз ауруының 2 жағдайы тіркеліп, барлық ауру жағдайының – 28,6 %-ын құрап отыр», деді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Куркинбаева.
Эхинококкоз – адам мен мал ағзаларына (бауыр, өкпе, жүрек, ми және т.б.) құрт ұрықтарының түсуінен пайда болатын дерт.
Ол көбінесе ауыл шаруашылығы малдарынан және ит - мысықтардан жұғады.
Олар малдардың, иттердің аш ішегінде өсіп өнеді де, солардың дәреті арқылы суды, шөпті, жерді ластайды және қоршаған ортада ұзақ уақыт өсу қабілетін жоғалтпай сақтайды. Бұл құрттар адам ағзасына ит пен мысықты ұстағанда қолға жабысады да қолды жумай тамақ ішкенде, бұлақтар мен өзен суларын қайнатпай ішкенде адам ағзасына түседі. Сонымен қатар, ауру жұқтырған жануарлар болған бақшалардан жуылмаған жидектер мен көкөністерді пайдалану кезінде де жұқтыруы мүмкін.
Эхинококкоз ауруының алғашқы белгілері:
* әлсіздік және тез шаршағыштық;
* жұмыс қабілетінің төмендеуі;
* бас ауруы;
* теріде қызыл дақ түрінде ұсақ бөртпелердің пайда болуы;
* дене қызуының көтерілуі.
Аурудың диагностикасы:
- сероиммунологиялық (қан сарысуын тексеру);
- рентгенді – құрал-саймандық (құрсақ қуысын ультрадыбыстық зерттеу, өкпе флюорографиясы) әдістерін пайдалану арқылы жүргізіледі.
-Эхинококкоз ауруының емі – ота жасау жолымен ғана жүзеге асады.