Биылғы жылдың бес айында 261 адам анонимді түрде «достық кабинетіне» жүгінді. Тексеру кезінде олардан жыныстық жолмен берілетін инфекциялық ауру гонорея анықталмады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жыл бойы ЖИТС орталығы жанындағы «достық кабинетіне» шамамен 1100-1200 адам келеді.
- 2022 жылы кабинетке 556 адам жүгінді, барлығы ЖЖБИ-ге тексерілді, оның ішінде 13 пациентте гонорея анықталды. 2023 жылы 588 адам жүгінді, тексеру кезінде 10 адамда гонорея анықталды. 2021 жылдан бастап клиникалық хаттаманың өзгеруіне байланысты барлық инфекциялар ПТР-диагностикамен расталады. Гонореяның әрбір жағдайын емдеу міндетті түрде пациенттің жыныстық серіктестерін тексерумен және қажет болған жағдайда емдеумен сүйемелденуі тиіс, - деп атап өтті Маңғыстау облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының дермато-венерологы Диляра Чотбаева.
Айта кету керек, ЖИТС орталығында 2004 жылдан бастап анонимді «достық кабинеті» жұмыс істейді, онда халықтың негізгі топтарынан пациенттер қабылданады. Олар секс-жұмыскерлер, инъекциялық есірткі қолданушылар, бір жынысты байланысқа түсетін ер адамдар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар және трансгендерлер.