Кемсітушілікпен күрес күнінің биылғы тақырыбы «Әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітуді толық жою» болып отыр. Бұл күннің мәні жайында ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі облыстық орталық диспансер бөлімінің меңгерушісі Әлия Жиенғалиевадан сұраған едік.
- ЮНЭЙДС пен Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасы аясында атап өтіледі, - деді Әлия Төлемісқызы. - Ондағы мақсат — АИТВ жұқтырғандардың денсаулығын қорғау, оларды кемсітуге жол бермеу. Осы күнге орай «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығы» арнайы жоспар құрып, іс-шаралар өткізуде. 2020 жылғы қаңтар айында АИТВ инфекциясының 2 жағдайы тіркелді. Оның ішінде шетел азаматтары арасында — 1 жағдай. АИТВ инфекциясы 2019 жылмен салыстырғанда 3 жағдайға төмендеген. Өткен жылы қаңтар айында АИТВ инфекциясының 5 жағдайы тіркелсе, олардың біреуі шетел азаматы. Жалпы, облыста 1994 жылдан бері АИТВ инфекциясымен 368 адам тіркелген. ҚР азаматтары арасында 279, шетелдік-87, азаматтығы жоқ-2. Қазіргі таңда диспансерлік есепте — 203, оның ішінде 62 әйел адам болса, оның екеуі 14 жасқа дейінгі жасөспірім. Бүгінде 59 әйел адам вирусқа қарсы ем қабылдауда. 2 әйел емханада әйелдер кеңесі бөлімінде жүктілікпен есепте тұр. Диспансерде есепте тұрған әйелдер мен қыздар өздерін еркін сезініп, орталықтан немесе жалпы тұрғындар тарапынан кемістушіліктің жоқ екенін диспансерлік бақылауға, кеңеске келгенде айтып отырады. Өйткені, орталық есепте тұрған әрбір адамның тағдырын, денінің саулығын, басқа медициналық көмекке жүгінгенде кемсітушілікті болдырмау үшін жұмыс жасап, қатаң қадағалап отырады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА