Өңірде адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) тіркелетіндер көрсеткіші төмендеп келе жатқаны байқалады. Маңғыстау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталық мамандарының мәліметіне жүгінсек, 2018 жылы облыс бойынша 52 адам тіркелген болса, былтыр 48 адам тіркелген. Бұл жайт үстіміздегі жылы да жалғасып, қаңтар айында 2 адам тіркелді, оның біреуі шет ел азаматы көрінеді. Ал өткен жылғы қаңтарда тіркелген 5 адамның біреуі шетелдік болатын.
Орталықтың эпидемиолог дәрігері Т.Үргенішбаева егерде АИТВ инфекциясына тестілеу жүргізілген кезде нәтижесі «оң» болса, бірден күйзеліске түсудің қажеті жоқ екенін айтты.
- АИТВ инфекциясы — бұл өлім жазасы емес, тек қана созылмалы ауру, - дейді орталықтың эпидемиолог дәрігері Тұрған Үргенішбаева. - Мысалы, қант дибеті, бронхиалды астма сияқты созылмалы аурулармен ауыратын адамдар да толыққанды өмір сүруде. Медициналық қызметкер сізге «оң» нәтиже анықталғандығын жәй ғана, ешқандай моральдық дайындықсыз жеткізеді. Бұл сіздің одан әрі оқуыңызды оқып, сүйікті ісіңізбен айналысуыңызға, жақындарыңызбен және достарыңызбен кездесуіңізге, өмірге қызығып, қуануыңызға, тіпті, ғашық болуыңызға да кедергі еместігін көрсетеді. АИТВ инфекциясына тестілеу жүргізілген кезде нәтижесі «оң» болғаны, бұл сіз айналаңыздың барлығы енді өзгереді деген сөз емес.
Сондай-ақ Тұрған Бағыбайқызы статусы АИТВ оң нәтижелі болған адам өз қаласында орналасқан ЖИТС орталығының зертханасына қайтадан қан талдамасын тапсыруы керкетігін айтады. Егер қан талдамасы тағы да «оң» нәтиже көрсетсе, осы орталықтағы арнайы мамандандырылған дәрігерге қаралып, жеке өзіне арнайы жасалатын кешенді терапия мен кезекті қаралу және тексерілу кестесін алғаны дұрыс.
- Емделудегі ең басты және негізгі қадам–емдеуші дәрігердің нұсқауларын толық орындау, - дейді Т.Үргенішбаева. - Келесі негізгі денсаулықты сақтаудағы қадамның бірі—барлық темекі шегу, алкоголизм, нашақорлық сияқты зиянды әдеттермен қоштасу. Себебі бұлар әлсіреген иммунитетке кері әсерін тигізеді. Денсаулығына байланысты барлық жауапкершілікті өз қолына алып, басқа да адамдардың денсаулығын қорғауда жауапты екенін ұмытпау керек. Яғни, жеке бас гигиеналық құралдарын өзгелермен бөліспейді, донор болмайды. Ал басқа жағдайда АИТВ инфекциясы бар адамның өмір сүру сапасы мен ұзақтығы вируссыз өмір сүрушілерден еш айырмашылығы жоқ. АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдар тиісті емді уақтылы қабылдап жүрсе, өмір сүру құқықтары мен мүмкіндіктері басқа адамдармен бірдей, яғни олар да отбасын құрып, өмірге сәби әкеліп, оларды тәрбиелеп, толыққанды ұзақ өмір сүре алады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА