© Суретті түсірген Т. Құсайын
Еліміз бойынша Қызылша вирусын жұқтырғандардың 65% – 5 жасқа дейінгі балаларды құрайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақпараттың жазуынша, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында аталған дерт туралы баяндаған.
«Жоспарлы иммундаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл 1 жас және 6 жастағы балалардың 84% деген сөз және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакциналауға жатады.
Қызылша ауруы бар ошақтарда шұғыл вакцинациямен 15 мыңнан астам адам қамтылды. Бұрын егілмеген 18 жасқа дейінгі 63 мың адам соңғы вакциналаумен қамтылды. Бұл тиісті контингенттің 50% ғана. Әлі 128 мың адамға екпе салуымыз керек», – деді министр.
Министр қызылшамен ауырғандардың 65% – 5 жасқа дейінгі балалар.
«Осыны ескере отырып, қараша айынан бастап 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды. Қазіргі таңда 94 мың бала қамтылып отыр. Жалпы ағымдағы жылы 770 мыңнан астам бала егілді. Қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды, оның 500 мың дозасы келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтілуде. Қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдарда қызылшаның өршуі кезінде дәлелденді. Сондықтан біз желтоқсанның ортасында сырқаттанушылықты азайтуға мүмкіндік беретін қосымша жаппай иммундаумен жоғары қамтуға қол жеткізуіміз керек», – деді Ажар Ғиният.
Маңғыстау облысында жыл басынан бері қызылшаға шалдыгу бойынша екі мыңнан астам дерек тіркелген болатын. Оның сексен пайыздан астамы мектепке дейінгі балаларды құрап отыр. Бұл орайда мамандар оның алдын алу үшін екпе алу қажеттігін алға тартуда.