Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров облыстық психикалық денсаулық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Медициналық мекеме психикалық ауытқулары бар жандарға сауығып, қоғамға оралуына көмектеседі. Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Жеміс Нүсіпова психикалық денсаулық қызметін дамытудың және жетілдіруді жолында айтарлықтай жетістіктер бар екенін айтты.
Наркологиялық блокта жоғары білікті дәрігерлер нашақорлық пен алкогольге тәуелді адамдардың түзу жолға түсуіне көмек қолын созады. Жеміс Нүсіпова нашақорларды емдеу процесі кезінде дәрі-дәрмекпен қатар қазіргі психотерапиялық технологиялар кеңінен қолданылатынын, науқасты оңалтудан кейінгі қолдаумен рецидивке қарсы жоғары сапалы емдеу жолдары жолға қойылғанын атап өтті.
Оның айтуынша, өмір сапасын жақсартуда маңызды компоненттердің бірі - адамның әл-ауқатын анықтайтын психикалық денсаулық, орталықта адамдарға өз әлеуетін іске асыруға, өмірлік күйзелістермен күресуге, өнімді және жемісті жұмыс жасауға мүмкіндіктер бар. Ол үшін мамандар тұрақты түрде біліктілігін арттырып отырады.
Бүгінде ең өзекті мәселенің бірі - ғимаратты күрделі жөндеу өткізу. Мекеме басшысы осы мәселені оңтайлы шешу үшін денсаулық сақтау басқармасының араласуын сұрады. Өз кезегінде Аманбек Қабдешұлы ғимаратты жөндеу мәселесі алдағы уақытта басым-бағыттардың бірі болады деді.
Айта кетейік, биыл 1 қыркүйектегі есеп бойынша 6 140 адам психикалық мінез-құлқы бұзылысымен диспансерлік есепте тұр.