© Суретті түсірген Т. Құсайын
Әлем халқының 39,9 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алған. Жалпы дүниежүзінде вакцинаның 5.38 миллиард дозасы енгізілсе, қазір күн сайын 40.99 миллион доза қабылданады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда 6 709 478 адам вакцина алған. Соның ішінде 5 502 652 адам толық вакциналаудан өткен. Бұл көрсеткішті өзге елдермен салыстырғанда вакциналау қарқыны әлі де төмен.
Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде Covid-19-ға қарсы вакциналанған адамдардың үлесі 85 % болса, Қытай – 74 %, АҚШ – 61 %, Үндістан – 37 %, ал Ресей 30 %-ды көрсетеді. Қазақстан халқының 35 %-ы ғана вакцина алған. Ал мұны жан басына шаққанда алғашқы үштікті Қытай (1.07 миллиард), Үндістан (509.67 миллион), АҚШ (205.53 миллион) бастап тұр. Ал Ресейде 43.97 миллион адам екпе алса, Қазақстанда 6.67 миллион адам вакцина салдырған.
Our World in Datа порталында көрсетілген мәліметке назар аударсақ, табысы төмен елдердегі адамдардың тек 1,8% -ы кем дегенде бір дозаны алған. Ал елде вакцинаның күнделікті дозасы тұрақты емес, тіпті ай сайын төмендеп жатқанын байқауға болады. Еске салсақ, ақпан айында жаппай вакциналау басталған болатын. Жалпы халықтың 100 тұрғынына шаққандағы 7 күндік орташа есеппен ақпанда вакцинаның 0,01 дозасы енгізілді. Шілде айында 0,75 дозаға көтерілсе, 1 қыркүйек күні вакцинаның 0,40 доза салынған екен.
Маңғыстауда қанша адам вакцина алды
Маңғыстау облысында осы уақытқа дейін 140 мыңнан астам адам вакцина алған. Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевтің мәліметіне сүйенсек, 103 875 тұрғын толық вакциналаудан өткен. Өзге өңірлермен салыстырғанда, Маңғыстау облысы вакциналау көрсеткіші бойынша соңғы орынға тұрақтаған.
Ал алғашқы үштікте Алматы қаласы, Түркістан мен Алматы облысы тұр.
Дәрігерлер Covid-19-дан айығудың жалғыз жолы вакцина екенін айтып отыр. Қазіргі таңда өңір тұрғындары үшін «Sputnik V», «QazVac», «VeroCell», «Coronavac» және «Синовак» вакциналары қолжетімді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Инфографика Our World in Datа алынды