Ақтауда Конституцияның 26 жылдығына орай өткен мерекелік жиында бірқатар медицина қызметкері марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Марапаттау рәсімінде "Senim" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы" Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мырзақұлов еліміздің конституциялық дамуының бірегей тұжырымдамасын қалыптастыруда Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін тілге тиек етті және ақ халатты абзал жандардың орасан еңбегіне алғыс білдірді.
"Конституциямызда адам, оның өмірі, құқығы мен бостандықтары сынды ең жоғары құндылықтар бекітілген және бұл құжат азаматтардың мүддесіне қызмет етеді. Еліміздің негізгі Заңы халықтың денсаулық сақтау сынды басты құқығын қорғайтынын айта кеткім келеді. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке, бірлік, татулық тілеймін", - деді Сәкен Қазбекұлы.
Осыдан кейін Денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосқан үлесі үшін және Конституция күніне орай МО денсаулық сақтау басқармасының "Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы" ШЖҚ МКК директоры Айларбек Шыршықбаевқа, аталмыш мекеменің меңгерушісі Серік Жылгелдиевке, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігер-ультрасонологы Жанар Нұрмағанбетоваға, дәрігер-эндоскопист Мақсат Тайшыбайға, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының медбикесі Қарлығаш Боранбаеваға Құрмет грамотасын табыстады.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ ұйымының беделін ұлғаюына қосқан үлесі үшін "Senim" Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы" РҚБ төрағасы Сапарбек Дүйсеновтың Алғыс хатымен МО көпбейінді ауруханасының медбикелері Ильяда Жарманова және Гүлдирай Саптаяқова, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының санитарлары Майрамгүл Жауынбаева, Нұргүл Төребаева, Дәметкен Қосабаева марапатталды.
Сонымен қатар, Ақтау қалалық №2 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Ару Мадинаева "Senim" Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Үздігі төсбелгісімен марапатталды.