Маңғыстау облысы бойынша қолданыста ресейлік «Sputnik V», «QazVac»; «Синовак», «VeroСell» «CoronaVac» вакциналары бар. Өңірде I – компонентпен 140 000, II – компонентімен 103 875 адам егілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
Оның айтуынша, облыста ауру деңгейінің көрсеткіші төмендеп келеді. Дегенмен Ақтау қаласында эпидахуал өршіп тұр. Мәселен, Ақтау қаласында өткен аптада 910 жағдай тіркелсе , соңғы аптада 994 жағдай тіркелген. Бұл адамдардың көп шоғырлануы, тығыз қарым-қатынаста болуынан туындап отыр.
«Ауру деңгейінің көрсеткішін аудан мен қаладан талдайтын болсақ Ақтау қаласының ауру көрсеткіші 1,1 есеге жоғары. Ал Жаңаөзен қаласында 1,9 Түпқарағанда 1, Қарақияда 2, Маңғыстау ауданында 2, Бейнеуде 1,5 Мұнайлы ауданында 1,7 есеге төмендеген. Балалар арасында бәсеңдеу байқалады. Өткен аптада 233 бала ауырған болса, соңғы аптада 210-ға түсті. 60 жастан жоғары кісілерден де төмендеу байқалады. Мәселен, алдыңғы аптада 317 науқас тіркелсе, осы аптада оның саны 274 құрап отыр», деді Ғазиз Надуев.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров қатысты.
Қазір аула аралау жұмыстары бойынша 17 жүрмелі бригада 159 адамға екпені үйден салды.
«Қазіргі уақытта мобильді топтар шақырту бойынша үйден 5 130 адамға қызмет көрсетті. Үй жағдайында пневмонияға қарсы ем қабылдап жатқандар саны 631, жіті респираторлық вирустық инфекцияға қарсы 2 006 адам емделуде. Дегенмен өңір бойынша қауіпті індетке қарсы екпе алу деңгейі төмен», деді Аманбек Жұмыров.