Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов өлкенің өркендеуіне үлес қосып, 30 жылдан астам мемлекеттік қызметте еңбек еткен Рзаханов Асқар Киікбайұлын қабылдап, мерейлі жасымен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жерлестеріңіз сізді бүкіл қажыр-қайратын ел мұраты мен мақсатына арнаған байыпты басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Бүгінгі күнге дейін бойыңыздағы біліміңіз бен біліктілігіңізді ұштастырып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына және өсіп өркендеу жолына аянбай еңбек етудесіз. Сізге мықты денсаулық, қажыр-қайрат, отбасыңызға бақыт пен береке тілеймін»,-деді С.Трұмов.
Асқар Киікбайұлы еңбек жолын 80-ші жылдары Маңғышлақ барлау-бұрғылау басқармасы комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған. Кейінгі жылдары Маңғыстау, Атырау облыстарында комсомол комитетінің 1-хатшысы, Маңғыстау облысының жастар мәселесі жөніндегі комитетінің төрағасы, аймақтық баға және монополияға қарсы саясат комитеті төрағасының орынбасары, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының басшысы, ішкі саясат департаментінің директоры, облыс әкімі аппаратының басшысы қызметтерін үлкен абыроймен атқарды.
А.Рзаханов бүгінгі күні «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылық құрамында еңбек етуде.