Ақтауда белгілі суретші, қолөнерші Лейла Ахмет Османның «Начало» атты көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге суретшінің гобелендері мен майлы бояу арқылы салынған картиналары қойылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қылқалам шебері өз туындыларында табиғаттың таңғажайыбын бейнелеген. Ол өмірге шексіз махаббатын сурет арқылы көпке жеткізген. Оның гобелендері мен картиналары жылы түске толы. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="88122,88121,88120,88123,88127"] «Бейнелеу өнері арқылы өз әлемімдегі әсемдік пен мейірімділікті көпке ұсынғым келеді. Гобелендер мен суреттерім табиғаттың сұлулығына арналған. Оны сезіну, ауасымен тыныстап, энергия алу мен үшін маңызды. Қазір жаңа технология дамыған заманда адамдардың өмірі бірқалыпты жалғасып жатыр. Ал шын мәнінде бақытты болу үшін әлемдегі әрбір құбылысты сезіну керек. Күннен, космостан, аспан мен жерден ләззат ала білуі керек», - дейді Ләйла Ахмет Осман. Айта кетейік, аталған көрме «Әлем сенің қолыңда» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба Қазақстан фаунасын қорғау және сақтауға арналған. Суреттер мен жұмыстарды сатудан түскен қаражат (20%) 30 Каспий итбалықтарын зерттеу және олардың көші-қонын зерттеу үшін спутниктік белгілерді сатып алу үшін пайдаланылады. Көрме 21 қарашаға дейін жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="88126,88125,88124,88119"]