Алдымыздағы жыл үшін баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Бұрынғы ауыз үйренген әдетпен қызу қарқынмен жүріп жатыр десек өтірік айтқандық болар еді. Жалпы ел бойынша жылдан-жылға дәстүрлі газет-журналдарға жазылушылар саны азайып бара жатқанын статистика да дәлелдеп көрсетіп отыр. Негізінен әуелден газет-журнал оқитын жасы үлкендер жағы қолына қағаз газет ұстап оқуға бейім болса, интернетке иек артқан жастар жағы керек ақпаратты да, жаңалықтарды да, басқаны да қол телефоннан іздеп қарағанды қолай көреді. Әрине, бұл жастар жағы мүлдем газет оқымайды деген сөз емес. Бірақ оқитындар саны тым аз. Оның үстіне бәрі де күн санап қымбаттап жатқан заманда газеттердің жазылу бағасы да арзан емес. Жұмыс істейтін және жақсы жалақы алатын жұмысшылар мен қызметкерлердің өзі де мерзімді басылымдарға жазылуға онша құлықты емес. Оған не себеп? Бұл мәселеге қатысты редакциялар мен пошта мекемелерінің бастарын қатырып жүргеніне біраз болды. Әрекеттер бар, алайда нәтиже онша емес. Әлде әлеуметтік жағдай әбден нашарлап кетті ме? Салыстырмалы түрде қарасақ, халық саны бізден көп емес көрші облыстардағы облыстық басылымдардың тиражы біздердегіден бірнеше есе көп. Оның нендей себебі бар?.. Жергілікті билік өкілдері мемлекеттік газеттер таралымының көбеюіне мүдделі ме? Кешегі кеңестік заманда әлемдегі ең көп оқитын ел болуымыз керек деген идеология бойынша жаппай оқуға көп көңіл бөлінетін жақсы дәстүр болды. Қазір, керісінше бағыт алып, ең аз оқитын елдерге қарай бет түзеген жоқпыз ба?.. Жыл сайын «Қазпошта» АҚ жергілікті бөлімшелері жазылу науқаны кезінде Оқырмандар күні мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ондағы мақсат – оқырман санын неғұрлым көбейту екені белгілі. Биылғы жылы да Ақтау қаласының 14шағын ауданында орналасқан орталық пошта бөлімінде осындай шара өткізілді. Бас қосуда ұйымдастырушылар кездесуге келген оқырмандарға елімізден және аймағымыздан шығатын бұрынғы және жаңа басылымдарды таныстырып, баспа өнімдерін ел арасында насихаттау жөнінде әңгімеледі және Қазпоштаның кеңейген қызмет түрлері туралы слайд-таныстырылым арқылы баяндады. Келушілерге тәттісі мен сүтті шайы бар дастархан жайылып, лоторея ойнатылып, көңілді ахуал қалыптастырылды. Жиналғандардың алдында пошта қызметкерлері мен ардагерлері, байырғы оқырмандар, түрлі ұйымдар мен мекемелердің өкілдері, газет шығарушылар сөз сөйлеп, игі тілектерін айтты. Маңғыстау өнер колледжінің оқушысы, жас жыршы-термеші Дәулет Сәрсен өз өнерін көрсетті. - Заман қанша жерден өзгерсе де, ғылым мен технология қарыштап алға дамып кетсе де, біздер сол баяғыша газет-журналдарды жеткізуші пошташыларды күтетін әдетімізден жаңылған жоқпыз. Сол қызметін адал атқарып жүрген ақжарқын пошташы келіншектің хал-ахуалымызды сұрап, қолдан келген көмегін көрсетуге дайын тұратыны қуантады. Өзім де 50 жыл газетте қызмет істеген адаммын. Газеттердің, соның ішінде өзіміз әр санын тағатсыздана күтіп отыратын «Маңғыстау» газеті таралымының өскенін, пошта қызметінің де жоғары деңгейде болғанын қалаймын, – дейді ардагер журналист Әзірбайжан Қонарбаев. Мерекелік шара барысында биылғы жылы үздік еңбегімен көрінген пошта қызметкерлері алғыс хаттармен, түрлі сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ келушілер де әр түрлі аталымдар бойынша сыйлықтарға ие болды. Мысалы, Зинаида Михайлова «Ең белсенді оқырман» ретінде құрметке бөленсе, «Ең бірінші оқырман» аталымын облыс бойынша алғашқы болып жаңа жыл басылымдарына жазылған Рахметолла Көкекбаев жеңіп алды. - Мұндай игі шаралардың жалпы баспасөз бен пошта қызметін насихаттауда пайдасы көп. Осы жерден келушілер елімізден шығатын және аймағымызда тарайтын барлық басылымдарды көріп танысып, оларды тиімді жолмен, жеңілдіктермен жаздыртып алудың тәртібін біле алады, – деді өз сөзінде «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дариға Өтепалиева. – Өкінішке орай, статистика жазылым мен баспасөз таралымының жыл сайын кеміп бара жатқанын көрсетуде. Айталық, 2018 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша газет-журналдардың жалпы таралымы 53 807 дана болса, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайда ол көрсеткіш 36 986 данаға дейін түсіп кетті. Оның ішінде облыстық және аудандық басылымдар да бар. Дәстүрлі баспасөздің орнына электронды басылымдардың көп келуі және өтімді әрі қолжетімді болуы жалпыәлемдік трендке, яғни үрдіске айналған. Дегенмен баспа өнімдері де өз маңызын жойған жоқ. Әсіресе қағаз түріндегі басылымды қолына ұстап оқымай көңілі көншімейтін жасы үлкендер жағы сол дәстүрлі жолынан ауытқыған жоқ. Баспасөзге жазылам деушілерді поштаның кез келген бөлімшесінде қуана қарсы алып, қызмет көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ қаладағы бірнеше пошта бөлімшесінде кітаптар қойылған сөрелер пайда болғаны жаңалық ретінде айтылды. Алматылық қоғамдық қордың бастамасымен қолға алынған идея іске асып жатыр. Мұны кітап алмастыру орны деп атауға болады. Қалаған адам осында өзі оқыған кітаптарын әкеліп қойып, басқа кітаптарды алып оқиды. Оқып болған соң қайта орнына әкеліп қояды. Осылай оқырман мен кітап қатары толыға түседі. Бұл да кітап оқу мәдениетін насихаттау бағытындағы бір жаңалық болып отыр. Жақсы идеяны Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауылындағы пошта қызметкерлері де жалғастыруда. Р.S.: Білуімізше, Франция сияқты дамыған Еуропа елдерінде бұқара халықтың мерзімді баспасөзді жаздырып алуы үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді екен. Егер, мемлекеттік саясатты насихаттау, ұлттық идеологияны жүргізу айқын мақсат, шын қажеттілік болса, біздерге де сондай әдісті қолдану керек шығар.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ