«Мұғалімдер күніне» орай Абай атындағы мәдени-демалыс кешенде салтанатты жиын өтті. Әуелеген әуезді ән ұстаздар қауымына ерекше көңіл-күй сыйлады. Ең алдымен ардақты ұстаздарға сый-құрмет белгісінде облыстық білім басқармасы тарапынан қызыл-жасыл гүл шоқтары әрі сыйлықтар табысталды. Салтанатты рәсімде Маңғыстау облысының әкімі Серікбол Трұмов құттықтау сөз сөйлеп, ұрпақ санасына білім нәрін сіңірген мәртебелі мұғалімдер қызметіне сәттілік тіледі. «Кез келген қоғамды өркениет биігіне жетелейтін басты қозғаушы күш - бәсекеге қабілетті білім. Білім беру ісінің озық жүйесін құра білген ұлт қана табысқа жетеді. Жаһандану үрдісі белең алған тұста озық біліммен қарулану, ұлттық тәлім-тәрбие тұнығынан сусындау арқылы елдігіміз бен егемендігімізді айқындау - баршамыз үшін аса маңызды меже. Ал бұл ұлы мұратқа жетуде ұстаздар рөлінің салмағы зор. Олар жас ұрпақ бойына ізгі адамгершілік қасиеттер мен ұлттық рухани құндылықтарды сіңіріп, азат ойлы, өрелі, зерделі буын қалыптастыруда қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жас өскіннің терең тамыр жаюы, мәуелі ағаш болып бой түзеуі бағбан бабына байланысты. Сол секілді ұрпақ бойына ұлттық ұлағат, рухани тәлім мен өнеге ұрығын себу, адал еңбекті арқау қылған адал, ынсапты, ынталы буын қалыптастыру ұстаз қызметіне байланысты. Ұстаз алдымен жан дүниесі үйлесім тапқан, жан-жақты білімді жеке тұлғаны қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер алып келді. Тұрақты даму тетігі – цифрландыру саясаты аясында білім саласын қағазбастылықтан арылту, электрондық оқыту жүйесін ендіру сәтті жүзеге асып келеді. Мұғалімдер мен шәкірттердің компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы оқыту курстары ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта жаңа заң аясында мұғалімдердің жалақы мөлшерін ұлғайту, қосымша еңбек үшін үстемеақы төлеу, заңсыз тексерістерді болдырмау жүйелі жолға қойылады. Мұғалімнің ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорғау, болашақ іргесі- білімді жастарды ізгілендіруде атқарған еңбегін өз деңгейінде бағалау, әлеуметтік әрі материалдық қолдау көрсету іске асады», - деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов. Мерекелік жиында өңір басшысы еселі еңбек иелеріне жасампаз жетістіктері үшін арнайы марапаттар табыстады. Атап айтар болсақ, ұлағатты ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасымен», Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ басқосуда «Білім беру үздігі-2019» облыстық сайысының жеңімпаздары анықталып, арнайы сый-сияпаттарды иеленді. Биыл аталған байқауға өңір аумағынан 22 білім беру ұйымы және 160 педагог қатысып, бақ сынаған. Әділ қазылар алқасының қорытындысына сәйкес «Үздік ауыл мектебі» номинациясы бойынша Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы жеңімпаз атанып, бір миллион теңгелік қаржылай сыйлықты өз қоржынына салды. Ал «Үздік қала мектебі» ретінде «Білім-инновация лицейі» танылды. «Үздік техникалық-кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясы бойынша Х.Өзбекалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі оқ бойы озық тұрды. «Үздік жыл педагогы» ретінде тәжірибелі ұстаз, білім беру ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген Майжан Масатова жеңімпаз танылды. Ал екінші орынға тұрақтаған білікті ұстаз Наталья Некрасова 500 мың теңге қаржылай сыйлықты иеленді. «Үлгілі педагог отбасы» облыстық сайысында Жамаловтар әулеті жеңіс тұғырына көтерілді. Қарақия ауданында орналасқан "Айгөлек" балабақшасы «Үздік мектепке дейінгі ұйым» ретінде бас жүлдені еншіледі. «Үздік жетістіктер шебері» номинациясы бойынша Бибігүл Ерназарова есімді ұстаз үздік атанды. «Үздік технологияларды қолданушы» ретінде Мая Джанбаева 500 мың теңгелік қаржылай сыйлықты иеленді. Ал Сәрсенбибі Арханбаева «Үздік арнайы білім беру шебері» атанып, қомақты қаржыға қол жеткізді. «Үздік қосымша білім беру шебері» ретінде Ізғали Сақтаған танылды. Сондай-ақ өзге де номинациялар бойынша үздіктер анықталып, сындарлы сайыста суырылып шыққан үздіктерге сый-марапат табысталды. Мерекелік іс-шара шағын музыкалық концертке жалғасты.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85953,85952,85951,85950,85948,85947,85946,85945,85944,85943,85958,85942"]