«Алланың үйін салсам» деп талай жылдар арман еткен қажы Яхия Мураталиевтің арманы орындалды. Біраз жылдар осы жұмысты қолға алып, іргетасы құйылып, кірпішін қалар шағында сұм ажал арадан суырып әкете барды. Міне, сол сәттен бастап, жары Үмітай жолдасының арманын аяқ асты қалдырмай, баласы Дастан әке аманатын арқалап, осы істі соңына дейін жеткізді. Өмірден өткеніне бір жыл толғанда арман еткен Алла үйі «Мұстафа с.а.с.» мешітінің ашылу салтанаты өтті. Яхия Сапарбайұлы Түрікменстан Республикасында дүниеге келіп, 2000 жылы Маңғыстауға қоныс аударады. 2001 жылдан бастап Маңғыстау поселкесінде сауда-саттықпен айналысып, өз кәсібін бастаған. Кәсібі өрге домалап, 2005 жылы Мұнайлы ауданында алғашқы болып «Алтын Ана» мейрамханасын ашады. Кейін жанынан қонақ үй кешені бой көтерді. Сол сәттен бастап, Мураталиевтер шаңырағы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Ал Яхия ағамыз әр істі бастарда нақ көз жеткізіп барып, сеніммен бастайтын. Қарапайымдылығының арқасында кәсіпті жүргізсе де басқару жұмысын жолдасы Үмітай Айтөрешоваға сеніп тапсырған болатын. Бес күндік өмірде өмірлік жарынан бұрын кетерін сезгендей-ақ. – Әкем – 2009 жылдан бастап, бес уақыт намазын қаза қылмаған кісі. 2013 жылы қажылыққа барып, бес парызының бірін өтеп келді. Осы сәттен бастап, бар мұсылманды бір жерге тоғыстыратын құтты мекен болатын Алланың үйін салу басты жоспарының біріне айналды. Ата-анам өз кәсіптерін осы ауданнан бастағасын, мешіт құрылысын осы аудан аумағынан салуды жоспарлады, – дейді ұлы Дастан Мураталиев. 2018 жылдың басынан бастап мешіт салу жоспарымен Мұнайлы ауданы әкімімен келіссөздер жүргізіп, осы жылы маусым айында облыс әкімінің қаулысына сәйкес жеке кәсіпкер Яхия Сапарбайұлына мешіт құрылысын салуға рұқсат берілді. Кейін жер учаскесін беру туралы ауыл әкімінің шешімі шығып, тамыз айынан бастап ғибадат ғимаратының құрылысын салуды бастайды. Алайда 20 қыркүйек күні Яхия Мураталиев фәни дүниемен қоштасты. «Орны бар оңалар» деген осы болса керек. Жарының үмітін ақтаған Үмітай мен әке аманатына қиянат қылмаған балалары қасиетті жұма күні қасиетті үйдің ашылу салтанатын өткізді. Салтанатты рәсімнен бұрын Яхия Сапарбайұлының қайтыс болғанына бір жыл толуына орай жылдық ас-садақа беріліп, Құран бағышталды. Садақаға ағайын, туыс, достары, құрбы-құрдастары қатысып, марқұмды сағынышпен еске алды. «Ақкөңіл, көмек сұрай келгеннің бетін қайтармайтын, қолы ашық, еңбекқор, қайырымдылық жасауды, көпшілікті ұнататын азамат еді» деп еске алды асқа келген көпшілік. «Өлімнен басқаның ертесі жақсы» деп шақырған жерге ерте баратын Яхия ағамыз 4 қыз, 1 ұлды өсіріп, жеткізді. Үш қызын үкілеп, құтты орнына қондырып, жалғыз ұлын үйлендіріп, немере сүйіп, ата атанған еді. Бүгінде балалары әке естеліктерін сағынышпен еске алды. «Әрине, әкеміздің енді ортамызға қайтып оралмасына көз жеткізгенімізбен, оның жарқын бейнесін жадымыздан өшіре алмаспыз. Әкеміз отбасымыздың жапырағын жайған бәйтерегі еді. Балаларын оқытып, адалдыққа, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке баулыды. Әкесіз өткен уақыттың әр сәті сағынышпен ауырлап тұрғанын сеземіз. Мұң. Қайғы. Сағыныш. Осының бәрі біздің еңсемізді басып, әке рухын аспандатып барады. Әкемізді еске алғанда, ең бірінші ерекше мейірімді жүзі көз алдымызға келеді» – бұл балаларының әкеге деген сағынышы. Қызылтөбе-2 елді мекенінен әсемделе бой көтерген мешіттің ашылу салтанатына облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбеков, аудан әкімі Рахат Елтизаров қатысып, Аллаға ғибадат ететін имандылық үйінің ашылуымен құттықтады. Құлшылық үйі жақсылықтың жаршысына айналып, еліміздің бірлігіне, халықтың рухани дамуына қызмет етуіне тілек білдірді. Жары Үмітай Айтөрешова әкенің еңбегін балалары жалғап, бүгін әке аманатының орындалғанын айтып, мешіт құрылысын салуда қол ұшын берген азаматтарға алғысын білдірді. Лента қию рәсімін Маңғыстауға белгілі ақсақал Лепес қажы мен ауыл ақсақалы Сәрсенбай қажы орындады. Жаңа мешіттің лентасы қиылып, келген жұртшылық мешіт ішіне кіріп, жұма намазы оқылды. Облыстық Бекет ата мешітінің найб имамы Еркеғали Альбетов Құран бағыштады. Қазақстан Республикасы Діни басқармасы тарапынан мешітке «Мұстафа с.а.с.» атауы берілді. Мешіт көлемі 375 шаршы метрді құрайды. Яғни бір мезетте 700-ге жуық адам қабылдай алады. Сонымен қатар бас имамның бөлмесі, әйел жамағатының намаз оқитын бөлмесі, 200 адамдық асханасы, дәретхана мен әжетханасы бар. Мешіт толық қоршалып, автотұрақ та қарастырылған. «Азаны бар ауыл азбайды» дейді дана халқымыз. Қызылтөбе-2 елді мекені тұрғындарының ағыла келіп, намаз оқитын, құтты мекені болмақ. Игі істерге көңілі толып, марқайған ауыл тұрғындары көптеп қатысқан. Ашылуына арнайы келген азаматтар легінің көптігінен жұма намызында мешіт ішінде ине шаншыр орын болмады. Ауыл азаматтарының жүрегіне иман ұялататын, рухани мекеннің имамы болып Серік Есмурзаев тағайындалды. Мол сауапқа бөлейтін Яхия Мұраталиевпен оның ұрпақтарының жақсы ісі келешек жастарға үлгі болмақ.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА