«Қазақтелеком» АҚ Smart City жобаларымен аймақтардың цифрлық даму жолын жаңғырта түспек. Таяуда ғана Ақтау қаласында өткен «CIO and Digital Professionals Workplace 2019» конференциясында «Қазақтелеком» АҚ мен Маңғыстау облысының әкімдігі Цифрлы Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық және инновациялық жобаларды жүзеге асыру туралы, атап айтқанда Ақтау, Түркістан және Арыс қалаларында пилоттық Smart City жобаларын іске қосу мәселелері бойынша төрт меморандумға қол қойды. «Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау және Түркістан облыстары әкімдіктерімен, UBIC Technologies компаниясымен, сондай-ақ «Казводхоз» мемлекеттік кәсіпорнымен бірқатар меморандумдарға қол жеткізді. Аталған ынтымақтастық келісімдер аясында тараптар Ақтау, Түркістан және Арыс қалаларында Smart City пилоттық жобаларын іске қосуға арналған жобаларды енгізу мүмкіндіктерін қарауды көздейді. Бұл қатарда қоғамдық және жол бейнебақылауы, қоғамдық wi-fi, жағдаят орталықтарын құру, талшықты-оптикалық байланыс желіжолы және LPWAN желісі, сонымен қатар экологиялық мониторинг, жедел жәрдемнің диспетчерлік қызметтерін автоматтандыру жұмыстары жоспарға алынған. Сонымен бірге меморандумдардың бірінде цифрлық даму және Big Data енгізу мүмкіндігін қарастыру мәселелері бойынша тараптар арасында өзара іс-қимыл жүргізу көзделіп отыр. «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес жөніндегі бас директоры Рафаэль Абыханов: «Құрметті қонақтар, бүгінгі жиында сіздерді көргеніме қуаныштымын. Бүгін жаңа жобалар мен тың идеяларға серпін беретін ашық алаң құрылғалы отыр. Ақтау қаласы жайдан-жай назарға алынған жоқ. Маңғыстау өңірінің тарихы да тағылымды, табиғаты да ерекше. Теңіз жағалай орналасқан қаланың көрінісі де көз сүйсінтеді. Қазақстанға келетін көптеген туристердің тоғысатын жері де осы қала. Әлеуеті жоғары, жыл санап дамып келе жатқан қаланың цифрлық өркендеуіне де өз үлесімізді қоссақ деген ниеттеміз. Жоспарларымыз да, жобаларымыз да жетерлік. Облыс әкімдігімен осы ауқымды шараларды бірлесе іске асыруға дайынбыз», - деді. Жиынға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай өз кезегінде тілектестік танытып, ортақ меморандумның маңызды екенін айтты. «Қадірлі қала қонақтары, конференцияға қатысушылар. Қарт Каспийдің жағасында, киелі Маңғыстау жерінде қаламыз үшін маңызды жиында бас қосқанымызға қуаныштымыз. «Қазақтелеком» компаниясының жеткен жетістіктері де жетерлік, тәжірибелері де мол. Бүгінгі жаңа технология қарыштап дамыған заманда адамзат үшін интернет, цифрлық технология қажеттіліктері де арта түсуде. Оның мүмкіндіктері жыл өткен сайын құлаштап даму үстінде. Міне, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жаңа да жүйелі жобалармен келген компанияның ұсыныстарын біз қолдаймыз. Қоғам игілігі, ел дамуы жолында жаңа жетістіктер көбейе берсін», - деді Нұрдәулет Игілікұлы. Конференция барысында «Қазақтелеком» АҚ инфрақұрылымды оператор ретінде кәсіпорындарда цифрлық трансформациялаудың жаңа бағыттарын дамыту туралы ұсыныстарын білдірді. Компания спикерлері дайын технологиялық база мен телеком-оператор ұсынатын мүмкіндіктері туралы айтты. Сондай-ақ Қазақстандағы бірқатар индустриялық жобалар бойынша кешенді шешімдерді қолдану тәжірибелерімен бөлісті. «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес дивизионының департамент директоры Самат Имбаев жоспарлы жобаларды жүзеге асырудың мән-мазмұны мен мақсат-міндеттеріне тоқтала кетті. «Индустрия 4.0. жобаларын жүзеге асыру аясында компания кәсіпорындарда сымсыз технология түрінде дайын инфрақұрылымды ұсынады. Атап айтар болсақ, бұл – LORA базалық стансасы, индустриалды қауіпсіздік – «ақылды каскалар», түтін белгісін беру құралдары, радиациялық сигналдарды мониторинг жүргізу және өлшеу. Сонымен бірге телеком-оператордың серіктестерімен бірлесе жүк көліктерінің жұмысын бақылауға арналған мобильді АТС құру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі бар», - деді департамент директоры. «Еліміздегі әр өңірдің, әр қаланың өзіндік ерекшеліктері, мәселелері бар. Түркістан облысын алар болсақ, біріншіден, жаңа облыс, қала қайта жаңғыруда. Сондай-ақ киелі өңірдің туристік әлеуетін дамыту да маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан, Түркістан қаласына туристер келген кезде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін жетілдіргіміз келеді. Аналитикалық тәсілдер негізінде қылмыстық әрекеттердің алдын алуға болады. Қала өсіп келе жатқандықтан аймақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету міндеттері де бар. Өздеріңіз білесіздер, қолжетімді интернет жай ғана ойындар үшін емес, көптеген білім салаларын дамытуға арналған мүмкіндік. Біз осы мүмкіндіктердің аясын кеңейтсек дейміз. Өңірдегі мектептерге қолжетімді wi-fi интернет желілерімен қамтамасыз етуді жоспарлаймыз. Жалпы Smart City жобасында жүйелі түрде қараймыз. Бұл жоба бір-екі элементті қамтымайды, бейнебақылау, цифрландыру, wi-fi, сондай-ақ әр қаланың даму үрдісіне байланысты интеллектуалды шешімдерді қамтиды», - деді С.Имбаев. Компания сарапшыларының айтуынша, «ақылды көліктің» рөлі өте маңызды болмақ. Себебі көптеген кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер онсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Конференция жұмысында компания спикерлері жүзеге асырылған цифрлық трансформациялау жобаларының мысалы ретінде Smart Aqkol енгізу тәжірибесімен таныстырды. «Ақылды қала» тұжырымдамасының енгізілуі бастамаларды ойдағыдай игеру үшін серіктестердің өзара тиімді іс-қимылының маңызды екенін айқындай түсті. «Smart Aqkol жобасының негізгі мақсаты – қаладағы қызметтердің жұмысын мониторингтеу мен бақылау үшін ақпараттық ағындарды өңдеу базасында «ақылды қала» моделін құру. Smart Aqkol тұжырымдамасына инфрақұрылым, біріктірілген жүйелер және сигналдар беру мен деректерді бақылау және талдау элементтерінің желісі кіреді. Барлық деректер жағдаят орталығына – диспетчер залы бар, мониторинг жасауға арналған бейнеқабырғамен, бейнеконференция байланысы жүйесімен, колл-орталығымен жабдықталған объектіге түседі. Орталық ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру, коммуналдық қызметтерді тактикалық және стратегиялық басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шешімдерді таныстыру үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген», - деді Корпоративтік бизнес дивизионының департамент директоры Самат Имбаев. «Мұндай жобаларды Елордада, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерде енгізуді жоспарлаймыз. Бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету, әсіресе білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін сақтау өте маңызды екені белгілі. Бірінші кезекте оқушылардың қауіпсіздігі мәселесі бар, сол себепті өңірдегі әкімдіктермен осы мәселеде ортақ келісімдерге келіп жатырмыз. Астана қаласында қазірдің өзінде 270 нысанды бақылау камераларымен қамтып отырмыз. Осы ретте айта кетер жайт, Елорда бейнебақылау камералары көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатардағы қалалар тізіміне енеді. Біздің компания жалпы белгілі бір жобаны бір қалада жүзеге асырып, кейіннен барлық аймақтарды қамтуды көздейді. Өз кезегінде еліміздің батыс облыстары да жоспарымызда бар. Ақтау қаласында соңғы уақытта туристік бағытта дамып келеді. Ақылды wi-fi, бейнебақылау, қауіпсіздік секілді астанада тиімді іске асқан жобаларды осында жалғастырмақ ниеттеміз. Сондай-ақ ұялы байланыс операторлары базасы негізінде туристердің қайда қыдыруды жоспарлайтынын, қандай нысанда қанша уақыттарын жұмсайтынын анықтай аламыз. Бұл өз ретінде қаланың туристік инфрақұрылымды анықтауға зор мүмкіндік береді», - дейді Корпоративтік бизнес дивизионы департаментінің сауда жөніндегі директоры Леонид Муравьев. Еске сала кетсек, Ақкөл қаласы – ел бойынша коммуналдық қызметтердің барлық тұтынушылары толығымен цифрландырылған алғашқы қала. Smart Aqkol жобасының тұжырымдамасы қауіпсіздіктен экологияға дейінгі 11 бағыттан тұратын «ақылды қалаларды» дамытудың бірыңғай стандарты саналады. Бұған дейін «Қазақтелеком» АҚ неғұрлым ірі елдімекендерде пилоттық жобаны таратуға дайын екенін хабарлаған еді. Сонымен қатар компания ҚР Премьер-министр Асқар Маминге Арыс қаласын цифрлық трансформациялау мүмкіндіктерін таныстырды.
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85507,85503,85506,85505,85508"]