ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау және түсіндіру жұмыстары бүкіл республика бойынша белсенді жүргізілуде. Дәл осындай жиын Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың басшылығымен Жаңаөзен әкімдігінде де өтті. Алдымен жиналғандарға Мемлекет басшысының аталған Жолдауы кеңінен түсіндіріліп, кейін Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров Жолдаудан туындайтын мақсат пен міндеттерді айқындау туралы баяндады. Қала басшысы мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында, әкімдікке қарасты бөлімдерде «Ашық есік» күндерін жүйелі түрде ұйымдастыруды, тұрғындарға тез әрі сапалы қызмет көрсету аясында халық көп жүгінетін жер және архитектура бөлімдерінде «Фронт-офистер» ашуды ұсынды. Жаңа жүйеде бөлім басшысы мен қызметкерлер бір кабинетте отырып, тұрғындарға қызмет көрсетпек. Қала әкімінің айтуынша, аталған жүйе жұмысты оңтайландырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек. Сондай-ақ, қала басшысы «Нұр Отан» партиясының ЖҚФ азаматтық қоғамның әртүрлі топтарымен, әсіресе, жастармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, қарапайым жұмысшылармен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды, яғни түсінік жұмыстарын, «Құпия сатушы» тәсілін қолдана отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне баға беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Заң талаптарына сәйкес жерді мақсатты игермей отырған тұлғаларға қатысты жедел түрде шара алу жұмыстары тиісті мамандарға жүктелді. Сонымен қатар, әкімдік бөлімдеріне қаладағы қоғамдық кеңес, депутаттар корпусымен бірігіп, халықты дер кезінде қолжетімді ақпаратпен қамту жөнінде тапсырмалар берілді. - Жолдау аясында қаламыз үшін басым бағыттар айқындалып, нақты міндеттер белгіленді. Жаңаөзендіктер әрдайым ел өміріндегі маңызды шешімдер қабылданатын кезде бірлік пен тұтастықты көрсете білген. Өйткені, бірлік бар жерде ырыс пен береке, елдің қарқынды дамуы болатыны сөзсіз, - деген Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров Жолдауда айтылған басты бағыттарға, қаламыздағы атқарылып жатқан маңызды жобаларға тоқталды. Жиында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының түлегі, қала әкімі аппаратының бөлім басшысы Е.Имашев, «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС директоры Б.Молдақадыров және «Жанарыс» ЖШС басшысы Ж.Дәрменовке сөз беріліп, аталған азаматтар Президент Жолдауы бойынша ұсыныстарын айтты.
Еркеназ ШАМИНА