Феномен
[ 2019 ] 19 қыркүйек, 12:34 | Қоғам
Биылғы жыл – сөз жоқ, ғұлама ойшыл, мінсіз суреткер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының мерейлі жылы. Жыл сайын оқырмандардың жаңарып отыратынын ескере отырып, кейбір бұрын да жарияланған тұшымды дүниелерді оқырман назарына қайталап ұсыну артық емес.
Сонымен қатар Әбіш аға жайлы кез келген мақала, естеліктерге газет бетінде кеңінен орын берілетіндігін, ендеше жұртшылықтың кемеңгер тұлғаның жазушылық, һәм қайраткерлік қана емес, қарапайым қасиеттері туралы да жазуына әбден болатындығын назарға береміз.
Бір сәтке ойланып көрелікші. Тарих атты таңғажайып ғаламда да, әдебиет, философия әлемінде де талай-талай теңдесі жоқ ғұламалар өтті ғой. Тәңірім берейін десе үйіп-төгіп бере салады, ал алайын десе де өз құқы қолында. Бірақ әңгіме сол ыстық ықылас, құдіреттің күш-пәрменімен берілген тағдыр сыйын қапы жібермей ұстай білу, бұл бұйырған жазмышты даңғайыр даналыққа, ұлағатты ұлылыққа, көреген көсемдікке, шалдырмас шешендікке, кемеңгер кемелдікке ұластыра білу екінің бірінің пешенесіне жазыла бермесе керек. Жалпы ұлы тұлғалар жаратылысында «қалай дүниеге келеді, қалай Құдай береді?» деген сауалдың күрмеуін шешу оңай болмасы белгілі.
Біздің Әбекеңнің – аса қадірменді Әбіш ағаның ұлт феномені, яғни грек тілінен аударғанда ерекше, сирек құбылыс екендігі жөнінде басқаны айтпағанда, әріптес-үзеңгілестері – атышулы жазушылар мен ғалымдар, саясаткерлер талай мәрте мінберлі биіктерден айтып та, көсілте жазып та келеді. Ол тым ерте мойындалды, жастай жарып шықты. Сол өзі дүниеге келген ата-баба мекені – Онды ауылының Қаратау қолаттарын, таушатқалдарын жарып өскен дарақ секілді. Әбекеңді мадақтағанда, оны суреткер де, абыз да, ғұлама да, данышпан да, тіпті пайғамбар десең де ешкім қарсы уәж айта алмас тегінде. Ол бірінші кезекте классик жазушы екені даусыз. Оның сонау «Бір шөкім бұлт», «Бір уыс топырақ», «Дала балладалары», «Құс қанаты», «Шыңырау», одан кейінгі Мемлекеттік сыйлықты иеленген «Үркер», «Елең-алаң» шығармалары, қарымды қаламгердің суреткерлік шеберлігін де, философиялық ойшылдығын да таныта түседі. Ең бастысы, ол – қай туындысында да ұлттық рух, тәуелсіздік, қазақы діл мен дәстүр жаңашылдығы ұстанымын басты нысана ететін, қара басын ойлау деңгейінен мүлде аулақ пассионар тұлға. Әрине, біз Ә.Кекілбаевтың роман, повесть, әңгіме т.б. дүниелерін әдеби талдауды көздеп отырған жоқпыз. Бұл ендігі жерде қажет болса мемлекеттік деңгейде қолға алынуға тиіс Әбіштану немесе Кекілбаевтану ғылымының еншісінде болса керек. Әлемдік әдебиеттің 100 томдығына шығармалары енген, нешебір шәуімбастардың елі немістердің «бізде мықтылар көп, бірақ өкінішке қарай Кекілбаев жоқ» деп өкініш танытуының өзі Кекілбаевтың талант пен ойлау көкжиегінің ғарыштық ауқымға шарықтағанын айғақтамай ма?! Шынында да шырқау шыңдарға өрлеу үшін бір пайыз талант пен 99 пайыз еңбек керек демекші, екеуінің қай-қайсысын да әуелден бұл кісіге молынан енші еткен. Сом пішілген тұлабой- тұлғасына ақыл-парасатты аямай құйып, Құдайына тәубелі, елдік мұрат-мүдде дегенде ештеңеден тайынбайтын тәуекелді, жаны жомарт жан еткен. Өзалда жарық дүние көзін ашып, енді-енді әрпіл-тәрпіл басып, алғашқы сөз, ұғымдарды санасына сіңіре бастаған балаң шағында далада ұйықтап жатқан елең-алаң сәтте құлағына «Құдай! Құдай!Құдай!» деп үш мәрте сыбырлап кетіпті. Бұл сыбыр арғы ішкі әлемі, жан-дүниесіне жетіпті. Сыбырлаушы кім, тосыннан үн қатушы қандай құдіретті күш? Оны сол Көк Тәңірі, ұлы Жаратушының ғана патша көңілі білетін болар. «Құмырсқаның да тасқа басқаны Тәңірге аян» дейді ғой. Құлағына сол құдіреті күшті Құдайдың пәрменімен сыбырлаған, бәлкім періштелер, машайықтар ма екен? Әйтеуір, бұл бір қарағанда шешілмейтін жұмбақ секілді. Адам баласы табиғат-ананың перзенті екендігін ескерсек, осынау ұлы табиғатта нешебір таңғажайып оқиғалар, адам сенбес ғаламаттар баршылық.
Мен Әбіш аға туралы әр кезеңдерде әр түрлі жанрларда қалам тербеген екенмін. Мәселен, «Әулиелер әлдиі» деген шағын бір толғауымда:
Жұмбақ-әлем, мың сырға бөккен дала,
Баяғыдан баян-жыр шерткен дала.
Дуадақтар қонатын боз төбеден
Ұшырады ұланды неткен дана…
Көз сүрінер кеңістік шалғайынан,
Бал тамызып баланың таңдайынан,
Бағзы-Баба көрініп бейнесінде,
Емірене иіскейді маңдайынан.
Желпігендей бейне бір таң самалы,
Жалпақ-әлем бусанып ән салады.
Толғайтындай аңыз-жыр, әпсананы,
Абыз-дала желбіреп ақ сақалы.
Абыз-дала жөңкілген сағымдана,
Дүрілдейді, дүмпиді дабыл қаға.
Асау мінген хас батыр секілденер,
Дес бермеген дүлей мен дауылға да.
Даусы келіп нешебір көсемдердің,
Даусы келіп нешебір шешендердің,
Дәуірлерден жетеді жаңғырығып,
Құлағына түйсікті жас өреннің...
Құмбыл дүние-ай, қобызын безілдеткен,
Құйын соқса, қаңбағы безіп кеткен...
Қаратаудай қасқайып тұратұғын-
Қас түлегін қатепті, төзімді еткен.
Дала әуені өзінше сарнатады,
Таусылмайтын «гөй-гөйін» аңдатады...
«Аман болсын тіл-көзден асыл ұл» деп,
Шарананы шағылға аунатады.
Ата-баба, аруақтар демейтіндей,
Әулие-әмбиелер жебейтіндей.
Құм үстінде жаралған қара бала,
Бұл баланы бәрі де елейтіндей.
..Тылсым сырға бала да ұйып кетті,
Құлағына көненің күйі жетті.
Адамзатқа айтар ой, айтар сөзді –
Құлағына Құдай кеп құйып кетті!, – деп жалғаса береді. Осы өлеңнің соңғы түйінді тұсында:
Бақ жұлдызын ашқанда бұла таңдар,
Ұлыларға жарасар ұлы армандар.
Мырзайыр-құм, басталған Басқұдықтан
Туған жер мен жүректе Ұлы Отан бар!
Мәңгүртке де мәрттіктің жағар отын,
Сәулеліге тигізген шапағатын,
Қазақ сынды халықтың феномені –
Арқалаған адамзат аманатын! – деп жырлаған екенбіз. Иә, «адам болатын бала жас болмайды» дегендей, әкесі соғыстан оралмаған ол ерте есейді. Маңғыстаудың тау- тасын кезген экспедицияның құрамында болды. Туған жері, туған еліне деген шексіз махаббаты ерте бастан оянды. Осы орайда баласын баянды болашаққа бастаған анасын да мадақ еткен ләзім. Ол туралы:
«Осындай ананы, Әбішті Әбіш еткен ананы ұлы демей гөр, әулие демей гөр! Оның берекелі дастарханынан қазақ зиялылары тегіс дерлік дәм татты. Соғыс жылдарында жетімдік көрген жадау иін ұрпақтың жұқалтаңдау, көңілдері жарым-жартылау балаларының барлығына да ана болды. Оның шұғыла-шарапатынан, жанарынан төгілген мейірім-нұрынан небір атақты да даңқты азаматтар нәр алды. Ол талайға қанат бітіріп, бойларына қуат құйды, сарқылмас шабыт үстеді» деген жолдар жазыппын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздік уысқа ілінгеннен кейін көп ұзамай өз жанынан Әбіш Кекілбаевты іздеді. Ақылды патшалардың даналарды іздеуі елді бақуатты өмірге, баянды болашаққа, зор абырой-бедел биігіне жеткізеді. Әлемдік классикаға қомақты үлес қосқан зерделі суреткер, талғампаз қаламгер енді қайраткерлік, саясаткерлік әлеміне еркін сіңісті. Тәуелсіздіктей қасиетті дүние үшін тәуекелге бірден бет бұрған Әбіш Кекілбайұлы сонау Аристотель, Әл-Фараби, Анахарсис, Әбу Әли Ибн Сина, Сократ, Платон, Сенека, Софокл, Геродот, Демокрит, Диоген, Эсхил, Әуезов, Айтматов сынды сұңғыла ойшылдардай философиялық пайымдары мен тұжырымдары, толғаныстары нешебір фразеологиялық қанатты тіркестерімен халқының мерейін тасытып, елдіктің кірпішін қаласуға жанкештілікпен атсалысты. Біз бұл туралы да біраз жазған едік. Сондай публицистикалық дүниелерімнің бірінде: «Елбасымыз Н.Назарбаев пен төбе биіміз Әбіш Кекілбаевтың көсемдік-көрегендік қасиеттері Қазақ елін сағымды белестерден шұғылалы көкжиектерге бастап бара жатқанына тәнтілік құлатамыз. Шарпысқанда шалдырмайтын, шамалыға алдырмайтын текті барысқа тел секілдіміз. Көкке қарап ұлып, көздегеніне жеткенше көңілі көншімейтін Көк бөрі тәрізді ер секілдіміз.Тәңіріден тілегені келіп, Алла тағала, ата-баба аян беріп, ортасынан озық туған, қатарларынан асып туған, он жаста болса да ойшыл, һәм кемеңгер, Құдай қаласа көсегесі көгерер ел секілдіміз! Ендігі жерде айнала-маңына марғаулау көз тастап, маңғаз қозғалатын керенау нарлықтан гөрі, жусай жүріп көз шырымын алдырып, көсіле шауып айызын қандыратын жылқы мінезді сергектік керек-ау қазаққа!» деп түйіндеген екенбіз. Мұндағы негізгі айтпағымыз, кемеңгерлер басқарған ел кемел болмақ деген ұғымның аясына саяды. Шынында да алғашқы он жылда, одан кейінгі, міне, жиырма бес жылдай мерзім ішінде еліміз көш бастап келеді емес пе?!
Әбіш ағаның алпыс жылдығында да толғаулар мен бейнелі сөздер жазып біраз атсалысқан едік. Сондағы өлең жолдарының бір тармақтары былайша өрнектелген:
Мойында оны, мойында,
Маңғазына ел ие.
Мың-қабат тылсым бойында,
Маңғыстаулық әулие.
Ел боламын дегенде
Ер жасады ерлігін.
Тәуелсіздік келгенде
Буды бекем белдігін.
Бодандықтың бопсасын
Бұзып өткен беренім!
Тілден,көзден сақтасын
Бойлатпастай тереңім!
Биім сенсің бірегей,
Бездіретін бетерді.
Кім едің сен ұлы емей,
Білмей тұрмын не дерді?
Бір ғажайып ғұмырсың,
Таудай таймас тұғырсың!
Бекет атам ұлы ісін,
Жалғастырған пірімсің!
Енді, міне, «Талант тойы – тағылым үшін» деген мақаламды қайта қарап, асыл текті Әбіш ағаның болмысын көз алдыма елестетіп отырмын:
«Егер де дүниені, осынау жаратылысты, жұмбағы мол он сегіз мың ғаламды бағзы, бүгін және болашақ деген үш сөздің, үш ұғымның шеңберінде алып қарар болсақ, аталған үш дәуір, үш заманды да бейне өз басынан кешіргендей, бәрін де көріп-біліп, көңілге түйіп өткендей, бейне мынау қара жердің бетінде ол білмейтіндей ештеңе енді қалмағандай, арғы-бергі тарихты мүдірместен әрі айна-қатесіз етіп алдыңа жайып салатын асқан көріпкел, асқан данышпан, асқан абыз, теңдессіз дара құбылыс: бұл – адамзат тарихында аты алтын әріптермен жазылуға тиіс дерліктей ғаламат болмыс иесі – Әбіш Кекілбайұлы. Егерде осы мезет Адам ата, Хауа ана ұйқысынан селт етіп, бүгінгі зәузатының ахуалынан хабар білмек болса, не болмаса, айталық, әлдебір бізден гөрі озықтау, ілгерілеу, өркениеттілеу өзге планетаның өкілі сауал тастап, сұхбат құрғысы келсе, олармен де емін-еркін пәтуалы әңгіме өрбітіп, ғұламалығына тәнті етпей қоймайтын жер планетасының көрегені, көсемі, сұңғыла ойлы шешені екеу болса біреуі, біреу болса нақ өзі де осы Әбіш Кекілбайұлы болар еді. Баяғы би де батыр-баһадүр, нағыз тұлпар тұрпатты бабаларымыздың бар болмысын, елдік-кісілік қасиетін, шынайы қазақы берен сипатын бір бойына сыйғызып сақтап қалған, Тәңірінің өн бойына өлшеусіз тарту еткен зор қабілеті – дарынын ақылдылығы, қанағатшылдығы, қарапайымдылығы, қайсарлығы, табандылығымен тапжылтпай ұстап қала білген, өзін-өзі өнемейін өрге сүйреп, қияға тартып, қиындыққа бастаған, береке мен баққа көл-көсір маңдай терімен жетуді мұрат тұтқан, жүз жылға ғана емес, мыңжылдықтарға, мәңгіліктерге есімі, еңбегі, ерлігі ұштасып жататын ерек тұлғаның 360 әулие мәңгілік мекендеген киелі Маңғыстау топырағында жаралуы да жайдан-жай емес. Біз Әбіштей әулиемізбен мақтансақ, Әбекең Маңғыстауына арқа сүйейді және алға сүйрейді.
Әрине, ақиқатында Әбіш Кекілбайұлы – бүтін қазақтың, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Еліміздің бұған дейінгі де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі де ата тарихының сан қырынан бейнеленуінде, егемендігіміздің мызғымас кірпіші қалануында ұлтымыздың ұлағатты ұлы Әбіштің кемеңгерлік іздері сайрап жатыр. Елі, жері, тіпті күллі адамзат үшін де тындырған ісі тым мол, қомақты болса да, табиғатында бірегей, даңғаза мен дақпыртқа, дандайсуға жаны қас, қай істе де ар мен адалдықты, сабыр мен салмақтылықты таразы биігіне қоятын, ерен еңбегін елге жария етіп, жарапазан қылуды көңілі қаламайтын, қаншама қыруар да іргелі елдік шаруалардың жүзеге асуына ұйытқы, көшбасшы болып жатса да, кеуде керіп масаттануға, мақтануға, мардамсуға мүлде жұлдызы қарсы Әбекең асқаралы алпыс жылдық мерейтойын туған топырағы – өлең бесігінде ел-жұртымен көрісе, аман-түгел алыса отырып қана атап өтуді місе тұтыпты. Әйтпесе, қазірде ұлттық феномен ретінде мойындалған біртуар тұлғаның бұдан гөрі кеңірек ауқымда құлаш сермеуге де мүмкіндігі жоқ емес еді ғой деген ой келеді».
Осы жазғандарыма бүгін де еш алып-қосарым жоқ. Тек өткен шаққа оралып, өмірдің бір сәттерін еске алып өтпекпін. Мен 1976 жылы мектеп бітіріп, ҚазГУ-ге барғаннан бастап Әбіш ағаның шаңырағымен байланыста болдым, үйіне барып көрісіп, ақылкеңесін алып тұрдым. Әр барған сайын оның мәрт болмысы мен дария ақылынан бойыма күш-қуат алдым. Айсәуле әже, Клара жеңгеміздің ыстық ықыласын, бауырмалдығын сезіндім. Жоғары оқу орнын бітірген соң Әбіш аға мені «Жалын» баспасына қызметке орналастырды.
Бірде жастық шақ қой, досым ақын Ерік Асқаров екеуміз «Думан» сыраханасында қызды-қыздымен отырып, біраз жерге дейін кергілесіп қалдық. Журфакқа түсе алмаған Ерік театр институтында оқитын актер ғой.
- Сенің ағаңнан менің ағам мықты, – деп әдейі қырбайылау әңгіме бастаған. Ағасы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романының екі томдығы жарық көрген еді.
- Менің ағам мықты, – деп өзеуреймін мен. Сол кезде Әбіш Кекілбаев ағамның «Үркер» мен «Елең-алаңы» жарық көрген еді.
- Менің ағам ата тарихты дым қалдырмай қопара жазды, – дейді Ерік жұлқынып.
- Жазушы үшін әңгіме көркем шығарманың құнарлы тілінде ғой. Ол жағынан Әбекеңе ешкім жете алмайды, – деймін мен өзіме сенімді түрде.
- Онда жақын жерде менің тағы бір ағам бар, сол үйге барайық, сол кісіден сұрайық, – деді Ерік.
Шынында да, үй жақын екен. Есікті Сәкен Жүнісов аға өзі ашты. Жас келіншегі дастархан әзірлеп жатқанда, Сәкен аға қылшылдаған Ерік досым екеумізді жеңгейден сәл қызғана тұрып, сері қалпында сергек сөйлеп, сырты әсем қапталып жарық көрген «Ақан серінің» қос томдығын іштей мақтана көрсетті.
- Сенің ағаң осындай кітап шығарды ма? – деді Ерік маған қарап жұлып алғандай. Ол, әрине, әзілқойлау, әрі әзілі өзіне өте жарасатын, кейде осылай әрнені бір ушықтырып қияңқылау сөйлегенді жаны қалайтын, тегінде асыл азамат еді ғой. Әбіш Кекілбаевтың даусыз талантын аса мойындай тұра, әлгінде басталған екеуміздің тартысымызды одан әрмен қыздыра түскенді қош көрген сыңайлы.
- Оның ағасы кім? – деді Сәкен аға.
- Әбіш, – деді Ерік.
- Ой, Ерік інім, сен сабыр сақташы, Әбіш шығарады ғой, Әбіш өте мықты ғой, – деді Сәкен сері. Сөйтіп, мен Ерік досымды сәл-пәл сөзден тұқыртып жеңіп кеткенмін. Бұл өмірдің бір үзігі ғана. Әйтпесе, Әбекеңнің қасында біраз жүргеніміз, ұлының үнін естіп, даналығына тәнті болғанымыз аз емес. Бірде кабинетіне тосыннан кіріп қалғанмын. Күңірене, сарнай толғата жазып отыр екен. Шамасы, баяғы батыр бабаларды ұйқысынан оятып отырған тәрізді. Ол өзі де – қазақтың маңдайына жазылған, бағына туған нағыз баһадүр тұлға. Әбіш Кекілбаев – адамзат пен ғаламзаттың дара құбылысы, нағыз феномен ҚАЗАҚ!
Ғалым ӘРІП
1366
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.