Жаңаөзендік жас кәсіпкерлердің саны күн санап артуда. Бұл әрине қуанышты жағдай. Жеке кәсібімді ашамын, өз ісіммен айналысып, табыс табамын деушілерге қазіргі таңда қолдау артып келеді деуге болады.
Осындай іскер жігіттердің бірі - Асқар Қойлыбаев. Мұнай және газ колледжінің түлегі Асқар Жаңаөзен тұрғындары үшін «BIR JER» деп аталатын антикафе ашқан. Кафенің аты айтып тұрғандай басқа жерлерден ерекшелігі - бұл ең алдымен тамақтану орны емес, жастардың бір-бірімен танысып, еркін ой-пікір алмасу алаңы болмақ. Тәулігіне 17 сағат келушілерге қызмет көрсететін кафеде шай үстінде әңгіме-дүкен құрып, кітап оқуға, кино көріп, музыкалық аспаптармен қатар әртүрлі ойындар ойнап сергу үшін бар жағдай жасалған. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған ойын алаңы да бар. - Қаламызда дәмханалар, демалыс орындары аз емес. Бірақ олардың барлығы дерлік тек тамақтанатын орындар. Ал менің мақсатым - жастар еркін атмосферада бір- бірімен таныссын, өз өнерлерін ортаға салсын, сол арқылы білім көкжиектерін кеңейтсін деген ой болды. Кафені ашуда әрине, әртүрлі қиындықтар болды. Қолдау көрсеткен отбасыма, жұбайыма және достарыма алғысымшексіз. Мен біздің жастардың пайдалы іспен айналысып, қаламызды көркейту үшін өз үлестерін қосса деймін. Алдағы уақытта қалалық жастар орталығымен тығыз қарым- қатынаста жұмыс істейміз деп ойлаймын, - деген кәсіпкер жігіт, - табысқа жету үшін адам пысық және үнемі ізденіс үстінде болуы керек дейді. Асқардың тың бастамасына сәттілік пен табыстар тілей отырып, барша жаңаөзендік жастар мен қала қонақтарын ««BIR JER»-ге шақырамыз.Айжан НАСЫРОВА