«Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері Түркияның Нииде қаласында 2019 жылдың 19–21 шілдесінде өткен «Алтай ауылы дәстүрлі бауырластық тойына» қатысып қайтты. Қала, аудан губернаторлары, депутаттар, Қазақстанның Түркиядағы консулдығының қызметкерлері мен қалың жұртшылық жиналған шара барысында Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы әкімдіктерінің қолдауымен, қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен түрік жерінде тұратын қазақ диаспорасына қазақтың киіз үйі сыйға тартылды. Бұл игілікті іс – «Жанартаудың» 2016 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырған «Шетелде тұратын отандастармен әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамыту» жобасының жалғасы. Жоба барысында зұлмат жылдарда атажұртынан жырақтап, түрік жерін паналаған қазақ диаспорасы салт-дәстүрді сақтау және жастар арасында насихаттау үшін қазақтың киіз үйі қажет екендігін айтқан болатын. Соның нәтижесінде, үш жылдан соң маңғыстаулық шебер аналардың қолынан шыққан киіз үй тапсырылды. Нииде қаласында өткен Алтай ауылының дәстүрлі тойында маңғыстаулық делегация мүшелері сөз алып, мерекемен құттықтады. - Қымбатты қандастар! Бауырластық пен достық тойы құтты болсын! Жанымыз бір, қанымыз бір! Түбі бір түркі жерінде күн кешіп жүріп, ұлттық салт-дәстүрді, туған тілді ұмытпауға тырысқандарыңыз үшін сіздерге мың алғыс! Маңғыстаулық ағайыннан ыстық сәлем! – деді «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Шамшадинова. 75 жылдан бері қазақтардың негізгі мекеніне айналған Нииде облысындағы Алтай ауылында «Алтай ауылы дәстүрлі бауырластық тойы» жыл сайын жазда ұйымдастырылады екен. Маңғыстаудан сыйға тартылған киіз үйде қандастарымыз түрлі мерекелер ұйымдастырып, қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын насихаттайтын шаралар өткізбек. «Басты мақсат – тұрғындар арасында достық пен ынтымақтастықты насихаттау, ұлт пен ұлысты бір-біріне бауыр ету. Мереке керемет өтуде, Қазақстаннан қонақтар келіп жатыр. Бұл біздің тойды одан әрі маңызды ете түсті. Алтай ауылының тойының аясы жыл сайын жаңарып, кеңейе бергей! Той құтты болсын!» – деді Нииде облысының губернаторы Иылмаз Шимшек. Жанартаулықтар губернаторға қазақтың шапанын жауып, елдің дәмін жеткізіп, қазақтың қара домбырасын тапсырса, ол қазақстандық өкілдерді және Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы әкімдерін алғыс хатпен марапаттады. - Адам біткен бір-біріне дос, бауыр десек, бауырластық тойын өткізуді дәстүрге айналдырғанымыз жөн. Қазақ пен түрік қана емес, осында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тірлігі бір, бірлігі зор болуы тиіс. Барлық той қонақтарының дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, еңбектеріне береке тілеймін! Мұндай достық тойын қуана қолдаймыз! Той көп болсын! – деді депутат Селим Гултекин. Бұдан соң, өнерпаздар сахна төрінде ән салып, би биледі. Солардың бірі – жапондық Акира Такегучи. Әуесқой күйші Акира «Адай» және «Балбырауын» күйлерін бар жан-жүрегімен сезініп, тебірене орындады. Қазақтың қара домбырасына қызығып, күйдің қасиетін сезінуге тырысқан ол күй тартуды өздігінен үйреніпті. Түркия мемлекетінде шамамен 20 мыңдай қазақ ұлтының өкілдері тұрады. Ресми деректер бойынша, еліміздегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң 300 мыңға жуық қазақ Қытай асып кеткен. Бірақ бөтен жерде берекесі болмаған қандастарымыз өткен ғасырдың 40-жылдары түрік жеріне көшкен. Түркия қазақтарының айтуларынша, сол жылдары 18 мың жан жолға шыққан. Қытайдан шығып, Үндістан, Пәкістан асқан көш жолда талай соғысты, қырғын мен аштықты көрген. 10 жылдан соң, түрік жеріне олардың 2 мыңдайы ғана аман жетіп, Алтай ауылына қоныстанған. Солардың бірі – 74 жастағы Камалхан Оспанқызы. Керейдің қызы Түркияға Қытайдан 9 жасында келген. 65 жылдан бері Стамбулда тұратын ол – бүгінде 2 баланың анасы, 7 немеренің әжесі. – Қытайдан көшкен кезде мен кішкентай болдым, бірақ бәрі кешегідей есімде. Жол ұзақ әрі ауыр болды. Соғысты да, қырғынды да көрдік. Жолда Үндістанда бөгеліп қалдық. Кашмирде 10 жыл тұрып, 1953 жылы Кайсериге жеттік. Осында тұрмыс құрдым, балалы-шағалы болдым, еш өкпем жоқ. Әрине, атажұртты аңсаймын, – дейді Камалхан Оспанқызы. Ал Хатипан Әділбайқызының отбасы Түркияға жете алмай, 1941–1951 жылдары Пәкістанды паналаған. Бірақ райынан қайтпай, 10 жылдан соң түрік жеріне жеткен. Бүгінде 71 жастағы Хатипан Әділбайқызы – 4 баланың анасы. Жолдасы Мұратхан Ақышмолда екеуі 25 жыл Германияда жұмыс жасаған. Қазір балалары неміс жерінде еңбек етіп, нандарын тауып жүр. Отбасы мүшелері түрік, қазақ, неміс және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. - Балаларыммен үйде қазақша сөйлесуге тырысамын. Немерелерім қазақша түсінеді, бірақ неміс тілінде сөйлеуге құмар. Олар өздерінің қазақ екендерін біледі, амал не, тағдыр осылай болды. Қазақ болып туғанымызбен, атажұрттан жырақта, ағайыннан алыста өмір сүріп жүрміз. Түркия бізге екінші Отан болды, – дейді Стамбул қаласының тұрғыны Хатипан Әділбайқызы. Мен сұхбаттасқан қандастарымыздың көбісінің тарихы осыған ұқсас. 1941-1942 жылдары Қытайдан шығып, 1950 жылдары Түркияға жеткен. Бүгінде қазақтар Стамбулдың Гюнешли, Зейтунбурну, Кучук Чекмеджи, Сафра-кой, Орнектепе аудандарын, Измир, Нииде провинцияларын және Анкара қаласын мекендеген. Негізгі күнкөрістері – жеке кәсіпшілік, тері өнімдерін өңдеу, киім тігу және сауда жасау. Үлкендердің көпшілігі туған тілінде жақсы сөйлейді, сөйлей алмайтындары толық түсінеді, салт-дәстүрді ұмытпаған. Бірақ өмір сүру дағдылары басқа. Дәстүр бойынша отбасының жауапкершілігі ерлерге жүктелген, қазақ әйелдері жұмыс жасамайды. Жоғары оқуға түспеген қыздар кәмелеттік жасқа толған соң, тұрмыс құрып, ұрпақ жалғастырады. Тағы бір қуантарлығы, қандастарымыз имандылық жолына бет бұрған, аға буын бес намазын қаза қылмайды, отыз күн оразада ауыз бекітеді. Әрине, қазақ топырағынан алыста болғандықтан, мәселелер де жоқ емес. Жастар жағы ана тілдерін мүлдем білмейді. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге қажетті латын қаріптерімен жазылған оқу кітаптары жоқ. Қазақтың ән салып, биін билейтіндердің ұлттық киімдері тағы жоқ. Өйткені қос етек көйлек, қынама камзол мен оюлы бешпент тігетін тігінші таптырмайды. Стамбулдағы қазақ диаспорасының орталығы «Қазақ-түрік ұйымының» басшылары жанартаулықтармен 2016 жылы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келіссөзге келіп, бүгінде тығыз қарым-қатынаста. Алдағы уақытта да мәдени-достық байланыс жалғасын тауып, бірлескен шаралар қолға алынады деген үміт бар.
Анар АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, Ақтау–Анкара–Нииде–Стамбул–Анкара–Ақтау
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83857,83856,83854,83858,83855,83860,83862,83859,83861"]