ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған бір топ делегация Маңғыстау облысындағы «CASPI BITUM» БК» ЖШС битум зауытымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Зауыт 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі-индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Зауыттың жобалық қуаты жылына 1 млн.тонна мұнай өңдей алады. Онда битумның екі түрі өндіріледі: мұнай тұтқыр битумдары және жол модификацияланған мұнай битумдары. Жол секторының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында салынған кәсіпорын бастапқы кезде 50-60 мың тонна өнім шығарғанымен, жұмыстың қарқындылығы мен ішкі және сыртқы нарықтың сұранысына сай бұл көрсеткіш бүгінгі таңда бірнеше есеге ұлғайған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры Мұратжан Мұсайбеков Үкімет басшысымен кездесу барысында тілге тиек етті. «Зауыт іске қосылғаннан бастап бүгінгі күнге дейін 3,52 миллион тонна мұнай өңделді және 1 миллион тоннаға жуық жол битумы 3500 шақырымға жуық жолды салуға пайдаланылды. Ақтау битумы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» бағытын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының барлық стратегиялық жолдарының құрылысында пайдаланылды. Ақтау зауытының битумы мемлекеттік стандарттар талаптарына сай (ҚР СТ 1373-2013) және ең жақсы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. 2018 жылы зауыт өнімдері Қазақстан Республикасының ішкі нарығының 37% -ын қамтамасыз етті», - деді ол. Зауыт өнімдері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік трассаларынан бөлек, «Шымкент - Қызылорда», «Астана - Павлодар», «Астана - Теміртау», «Атырау - Ақтау» секілді республикалық маңызы бар көлік жолдарын төсеу үшін кеңінен пайдаланылған. 2017 жылдың қаңтар айында жол битумының 65 тоннасы алғаш рет Өзбекстанға да экспортқа жіберілген. Дегенмен, дәл қазіргі сәтте зауыт өнімдері тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. «Битум зауыты бүгінгі таңда өнімдерін экспортқа шығарып жатқан жоқ. Себебі, қазіргі кезде тек ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуде. Өндірілген битумді облыстағы жол құрылысын салатын мекемелер 100 пайызға қолдануда. Зауыттың жұмыс барысына тоқталатын болсақ, жылына 1 миллион тонна мұнай өңдейді. Одан 300 мың тонна дайын битум алады. 2018 жылы 308 мың тонна жол битумы өндірілген. 500 мың тонна товарлық мұнай өндірілген. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 151 мың тонна битум өндіріліп, 207 мың тонна товарлық мұнай дайындалды. Бүгінгі күні зауаттың қуаттылығы 72%-ды құрап отыр. Сонымен қатар, түйіткілді мәселелер жоқ», - дейді облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадіров. Қазіргі уақытта Ақтау битум зауыты Қазақстанда бұрын соңды өндірілмеген полимерлі-модификацияланған жоғары сапалы битум шығарады. Ол ыссыға, аязға төзімді және асфальт-бетон жамылғыларының сапасын ұзақ мерзімге сақтап, жол қызметін 1,5-2 есеге ұзартады екен. Айта кету керек, кәсіпорында бүгінгі таңда 214 қызметкер еңбек етеді.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ