Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлердің жеделсатысы ауыстырылып жатыр. Бұған бюджеттен 153 млн 440 мың теңге бөлінген. Аталған жұмыстар шілде айының соңына дейін жалғасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ақтауда 2002 жылға дейін 174 көпқабатты үй салынған, онда 337 жеделсаты бар. Оның 169-ы екі, қалған 11 үй бір жеделсатымен жабдықталған екен. Қазіргі таңда 163 көпқабатты үйдің жеделсатысын ауыстырумен «ЛифТЭК» ЖШС мекемесі айналысып жатыр. «Жеделсатыны ауыстыру жұмыстары 4 шілде күні басталған. Бүгінде 11 шағынаудандағы 1, 2, 32, 33 үй, 5 шағынаудан 22 үй, 7 шағынаудан 15, 21 үй, 8 шағынаудандағы 14 үй және 12 шағынаудан 34 үйге жаңа жеделсаты орнатылды», - дейді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Мамандардың айтуынша, барлығы 20 жеделсаты шілденің соңына дейін жаңаланады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА