Каспий теңізіне батқан 2 адам кеше кештен бері іздестіріліп жатыр. Оған 2 қайық, 1 гидроцикл, 2 автотехника, 20 адам мен 3 сүңгуір жұмылдырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Кеше 19.00 шамасында суға түсуге тыйым салынған "Шора" аймағында 3 адам суға батқан еді. Жергілікті полиция қызметкері 21 жастағы әйел адамды құтқарып қалған. Оны жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізген. Қазір 21 жастағы тұрғынның жағдайы жақсы. Ал әйелдің жолдасы мен 10 жастағы інісі әлі табылған жоқ. Оларды облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев жетекшілік еткен құтқарушылар тобы түнімен іздестірген. Суға кеткендерді іздеуге 2 қайық, 1 гидроцикл, 2 автотехника, 20 адам мен 3 сүңгуір жұмылдырылды. Бұл жұмыстарға "Tree of life" демалыс орнының құтқарушылары да көмектесіп жатыр. ТЖД қызметкерлері суға түсуге тыйым салынған аумақтарда шомылуға және балаларды қараусыз жіберуге болмайтынын ескертеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА