©
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған себепті алыстан іздеудің еш реті жоқ. Маңғыстау аудандық жас кәсіпкер Абылай Бекболаевтың жасап жатқан тынымды тірлігі бұл пікірімізге нақты дәлел бола алады. Ол үнемі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп екенін айтудан жалыққан емес. Өзі шарапатын көріп отырған соң жастарды да несие алып, жаңа бизнес бастауға шақырады. Өзінің бүгінгі атқарып отырған тірлігі - ауыларалық такси қызметі. – Қазір, Аллаға шүкір, аудан халқы күн санап өсуде. Шетпе теміржол стансасы арқылы өтетін бес пойыз кестесі бар, балабақша саны да күн санап артып келеді. Бұл тұрғындардың такси қызметіне деген сұранысын көбейтіп отыр. Өзім осының алдында жалдамалы такси қызметінде жұмыс жасадым. Келіп түсетін тапсырыстардың көптігінен кейде тіпті үлгермей, халықты көп уақыт күткізіп қоятын кезіміз де болды. Сосын маған «Өзім неге осы іспен айналыспасқа?» деген ой келді. Ауданда «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқыған алғашқы топтың арасында мен де болдым. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау қоры арқылы алған 3,5 млн. теңгеге 2 машина, тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтарды алдым және үш адамды жұмыспен қамтыдым. Қазіргі таңда Шетпе-1 шағынауданындағы өзімнің кәсіпкерлік нысанымда тапсырыстарды қабылдап, халыққа қызмет көрсетіп жатқан жайымыз бар. Көріп тұрсыз, жұмыс барысы ойдағыдай жүріп келеді. Мұнымен шектеліп қалмайтыным анық. Ең бастысы, ниет бар. Бабаларымыз «Көз қорқақ, қол батыр» дегенді бекерге айтпапты. Сондықтан жастарға именбей несие алып, кәсіппен айналысуға кеңес берер едім. Айтпақшы, кәсібімді ашып, жүйелі жұмыс істеуге мол мүмкіндік берген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшылығына, оның қызметкерлеріне үлкен алғысымды айтқым келеді. Менің тілейтінім, қазақ жастары жалқау болмаса екен. Себебі жалқаулық өрге сүйремейді, - дейді Абылай. Абылай - өте еңбекқор жігіт. Оның өзгелерден бір артықшылығы сол, аз сөйлеп, көп тыңдағанды ұнатады. Әсіресе үлкен кісілерге үнемі құрмет көрсетіп жүреді. Өзінің айтуынша, аталмыш қасиет адамды тас қайрақтай шыңдап, алға ұмтылуға жетелейді екен. Қазір өзі ұйымдастырып отырған такси қызметінде ардагерлерді, мүгедектерді әлеуметтік нысандарға тегін жеткізуді де ойластырып қойыпты. «Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз» дегенімде, ауданда такси қызметін жолға қойып, көлік санын көбейтіп, 24 сағат бойы жұмыс жасауды көздеп отыр. - Жерді жалға алу мәселесі шешілсе, бағасын тиімді әрі ыңғайлы етіп "Шетпе-Ақтау" бағытында заңды түрде қатынайтын арнайы көлік қызметін ұйымдастырғым келеді, - дейді кәсіпкер. Халық үшін қызмет етіп жүрген кәсіпкерге мақсаттарыңыз орындала берсін демекпіз!Айгүл РАХМЕТОВА