Өз кәсібін ашып, өзі сүйген ісімен айналысу бүгінде көбінің мақсатына айналып келеді. Бала күнінен өз сұлулық салонын ашуды армандаған Ақкүріш сол арманын бүгінде мемлекет берген мүмкіндікпен жүзеге асыруда.
Өзі де бәрін бір күні мемлекеттік бағдарлама береді екен деп отырмағаны анық. Алдымен жолдасының көмегімен өз кәсібін дөңгелету үшін жер орын алып, оған құрылыс жүргізеді. Бала күтімінде отырған 3 баланың анасы аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеледі. Алайда жұмыссыздар үшін де бизнес бастауға болатын тетіктер бар екенін білмейді. Аталмыш орталық Ақкүрішті жұмыссыз ретінде тіркеп қана қоймай, бизнеске бастапқы қадам жасауына да жол салады. Өзі де көп ойланып, іштей дайындалып, ашқысы келіп жүрген сұлулық салонын ашпас бұрын кәсіпкерлік негіздерін білгісі келетін. Бизнесті бастау мен оны жүргізуді қалай үйренуге болатынын ойлап жүрген кейіпкерімізге бұл жоба орай келе қояды. Халықтың әлауқатын көтеру бағытында жасалып жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы бастамасының «Бастау-Бизнес» жобасының қатысушысы ретінде кәсіпкерлік негіздерінен 1 ай білім алады. Дәрістерін тыңдап, палатаның көмегіне жүгінген ол бірден бизнес-жоспар жасау көмегіне осы жоба арқылы жүгінеді. Араға көп уақыт салмай, «Ауылшаруашылығын қолдау» қоры арқылы 6 пайызбен 1 500 000 теңге несие алуға мүмкіндік алады. Алған несиесіне толықтай кәсібін бастау үшін арнайы салонын жабдықтауға кіріседі. Шаш қию, тырнақ сәндеу сияқты түрлі сұлулық қызметтерін көрсететін «Ақкүріш» салоны шаш қыстырғышынан бастап бас жуатын, кептіретін, сәндейтін түрлі құрылғылар алады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ерікті жастар топ құрды- Жұмыссыз ретінде аудандағы жұмыспен қамту орталығына тіркелуге барған едім. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы барын, ол бағдарлама арқылы «БизнесБастау» деген кәсіпкерлікке оқыту курстары жүргізіліп жатқанын және ол курстар осы біз сияқты жұмыссыздар үшін ұйымдастырылып отырғанын сол орталықтан естідім. Орталық мені тіркеп, әрі сол жобаға қатысуыма жолдама берді. Көп уақыт жоғалтпай, аз құжаттар жинап, 1 ай курстан өттім. Ең бастысы – сертификат иелендім. Бұл сертификаттың қаржылай қолдау ұйымдарынан бизнес жобаларымызды ұсына отырып, несие алуға мүмкіндік беретіні қуантты. Мен сияқты кәсіптік мамандығы жоқ әрі үйде отырған жандар үшін кәсіп бастауға, оны жүргізуге бұл бағдарламаның берері көп деп есептеймін. Бүгінде өзіңіз көріп тұрған салонды ашып, тұтынушылармен жұмысты бастап жатырмын. Жаман емес, жәйлап естіп, біліп келіп жатқан адамдар бар. Алған несиемді 6 айдан кейін ғана төлей бастаймын. Ол дегеніңіз – енді бастап жатқан жас кәсіпкер үшін үлкен қолдау. Алдағы уақытта жаныма көмекші қыздар алып, жұмыспен қамтуды да ойластырып отырмын, - дейді өз кәсібін бастаған Ақкүріш Сариева.
Милана ЕЛЕУСІНОВА