Қарттар үйінде Ақтау қаласының 55 жылдығы аясында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ халықаралық қарттар күніне орай «Қарт кісіні қадірле!» атты этномәдени бірлестіктері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік іс-шара өтіп, «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігі атынан 1 тонна қауын-қарбыз тарту етіліп, мерекеге орай Қарттар үйінің ауласына 5 түп қара ағаш, 2 шырша отырғызылды.
Шараға Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер төрағалары, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы, №10 орта мектебінің оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.
- Құрметті достар! – деп бастады құттықтау сөзін облыстық «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаев, бұл күн – бірлік пен келісім күні, қарт кісілерге құрмет көрсету күні, біз – жылдың бір күнінде ғана емес, барлық уақытта жасы үлкен адамдарға құрмет білдіріп жүретін елдің тұрғындарымыз. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – біздің парызымыз. Қазақтарда үлкен адамдарды өз атымен атамай, құрметті есім беретін дәстүр бар, біз де сондай керемет ғұрыптан үлгі алғымыз келеді. Жастар соны түсінсе, үлкендерді құрметтесе екен дейміз.
Сіздерді мейірім мен қамқорлықтан кенде қалдырмауға тырысамыз. Сіздерді жылы алақанға салып, қамқорлығына алып отырған қарттар үйінің қызметкерлеріне рақмет айтамыз. Өздеріңізді Ақтау қаласының 55 жылдық мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық тілейміз!
«Булгар» татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Фандаль Сахибгареев:
– Құрметті жасы үлкен аталар мен әжелер, сіздерді келе жатқан қарттар күнімен және қаламыздың 55 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Бүгін сіздерді Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан арнайы құттықтауға келіп тұрмыз. Ағамыз айтып кеткендей сіздерге зор денсаулық тілейміз. Біздің құттықтауымызды және аздаған сыйымызды қабыл алыңыз! – деп Қырғыз этномәдени бірлестігінің тартуы бақша өнімдері мен сусабындар, басқа да күнделікті қажетті бұйымдарды сыйға ұсынды.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, Қуанғали Лашын «Адай» күйін, халықаралық байқаулардың лауреаты «Лэ ви» би ансамблі «Кан-кан» биін, Галина Погорелова «Дастархан», «Живи, Актау», «А любовь рядом была» әнін, «Нұр» би ансамблі армянның «Арцвапар» биін, Альбина Исатаева «Ана» әнін, Жазира Акжанатова «Дорогие мои старики», Армен Саакян «Алға Қазақстан!» әнін орындап көпшілік қошеметіне бөленді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ