Қашанда еңбек адамы жайлы әңгіме бола қалса, менің есіме кешегі бір заманда Бейнеу ауданының мал шаруашылығы саласын дамытуға өз үлестерін қосқан, соның ішінде Сыңғырлау кеңшарында өзім қанаттас жүріп, көзім көрген ардагерлердің ерен еңбегі есіме түседі.
Мал шаруашылығы саласында шопан немесе механизатор болып еңбек ету оңай шаруа емес. Оны көзіміз көріп, бейнетін кешкен соң айтып отырмын. Малшы болсаң, алдыңдағы отардың бағып-қағуы мен өлім-жітімі мойныңда. Яғни шаруашылығыңа үлкен жауапкершілікпен қарауың керек. Әйтпесе мал бағып, абырой табуың екі талай. Ата-бабамыздың «Мал баққанға бітеді» деген қанатты қағидасын естен шығармаған малшы ғана табысқа, абырой-атаққа ие болатыны белгілі. Малшының еңбегінің нәтижесі мал басының аман-түгелдігімен, баққан малынан алған өнім көрсеткіштерімен көрінеді. Яғни қой баққанда әрбір саулықтан алынған төлімен, жүнімен, тапсырған елтірісімен еңбегі бағаланып отыратын. Малдан мол өнім алу үшін мал күйлі болуы керек. Саулық қойлар күйекке күйлі түссе, төл алу жоспары ойдағыдай орындалады. Мал күйлі болу үшін мезгілінде жаз болса, шөбі шүйгін жайлауға шығып бағу, қыс болса, жем-шөппен қамтамасыз ету қажет екені айтпасақ та, түсінікті жайт. Әйтпесе шаруа иесі қыстан шығынсыз шыға алмайды. Айта берсек, шаруашылықтың бейнеті шаш етектен. Әсіресе қыстақта қыс мезгілінде жем-шөп қорың таусылып қалса, орталықтардан жеткізу қиынның-қиыны.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауды цифрландыру жайы қалай?О заманда қазіргідей көлік іркілмей, сырғып жүріп-тұрған тас жол жоқ. Телефон байланысы да жақсы емес. Рация арқылы араға ат шаптырғандай хабарды әрең жеткізетін. Әрбір қыстақтың ара қашықтығы 10-15 шақырым болса, ферма орталықтары 30-40 шақырым. Ал совхоз орталықтарына 90-100 шақырым жол жүретін.
Қыс мезгілінде боран соқса, жолды қалың қар басып тастап, жол қатынасы қиындайтын. Осы сәтте бүкіл шаруашылық қуатты техникалардың жәрдеміне жүгінеді. Қалың қарды аршып, жол ашу үшін алдына К-700 тракторын салып, оған «угольник» тіркеп, соңынан жем-шөп жүктеген автокөліктер тізбектеліп жүретін. Қарлы боранға қарсы сақылдаған сары шұнақ аязбен жаудай жағаласқан колонна әрең жылжитын еді. Сөйтіп 40-50 шақырымдай жолды 7-8 сағат жүргенін талай рет көзіміз көріп, куәсі болдық. Бұл жағдай мал шаруашылығында еңбек еткен адамның, соның ішінде механизатор мен шофердің бейнетінің бір көрінісі ғана. Ал басқа мезгілдерде де Самның саласын, Жетіқақ пен Көлтабанның көлемін кезіп, ұшқанда қара кезікпейтін мидай далада жападан жалғыз жүріп, малшыларды бір жерден екінші жерге көшіру, сол заманда Қарабауырдан, іргелес Сарқамыс жерінен, Ресейдің Астрахань аймағынан, Жамбыл мен Қостанай облыстарынан пішен шауып дайындау,жем-шөпті қыстаққа тасу, т.б. жалпы малшыларға қызмет жасау оңай болған жоқ. Техника дегеннің «атасы» темір болған соң бұзылмай тұрмайды. Айдалада көлік-техникаң бұзылып тұрып қалсаң, қыста да, жазда күнің қиын болады. Бағытыңды байқатпайтын қарлы боранда адасып немесе аяздан үсіп, жазда шөлдеп, қолайсыз жағдайға тап болуың ғажап емес.
Осындай қиындықтарды жеңіп, рульден қолы бір сәтте босамайтын механизатор мен шофердің де еңбегі ерен деуге болады. Олай дейтініміз, темір тұлпарды тізгіндеп міну үшін қажымас қайрат, темірдей төзім, таусылмайтын шыдам керек. Әйтпесе техниканы басқарып жүргізе алмайсың. Бойында осындай қайсар қасиет бар, техниканың «тілін» біліп, тізгіндеп мінген механизаторларды мақтауға тұратын жігерлі жандар десек, артық емес.
Осы салада 50 жылдай еңбек етіп, тер төккендердің бірі де, бірегейі де - Жанұзақ Тәжимов. Ол мен көргенде Сыңғырлау совхозында еңбек етті. Бұл күнде 80 жастың сеңгіріндегі ардагер. Айтары көп ақылшы аға, қазыналы қарт. Талай мәрте еңбегімен тілшілердің мақалаларына кейіпкер болған белгілі механизатор. Кезінде бірге жүріп, ақылын тыңдаған, көмегін көрген ағамыз.
Ал мал шаруашылығының майталмандары жайлы айтар болсақ, ардагерлерден прораб, есепші Айым Есбергенов, зоотехник, ферма меңгеруші Шалабай Тастеміров, малшы Икенбай Ізімов, малшы Қанжар Нысанбаев, механизатор Төлеген Тілегенов секілді ағалар алдымыздан шығады. Олардың еңбек жолдары Самның саласы мен Үстірттің қырында, Жетіқақ пен Көлтабанның жазығында сайрап жатыр. 1984 жылы Маңғыстау совхозынан Сыңғырлау совхозы енші алып шыққанда Сыңғырлау совхозының шаңырағын көтеріп, уығын шаншып, керегесін жайған осы аға буын өкілдері болатын. Бірі жаңа совхоздың төрт түлігін түлетсе, бірі автокөлігі мен техникасын жүргізіп, құрылыс жұмыстарына атсалысқан әртүрлі мамандық иелері еді. Олар кезінде совхоздың қаз басып, қатарға қосылып кетуіне өз үлестерін қосып, еңбегі сіңді. Оны көзіміз көрді.
Бұл күнде олар - тәуелсіздігіміздің таңғы щұғыласымен жандары жадырап, жүздері нұрланып, ұзақ жылғы еңбектерінің жемісін жеп, бейнетінің зейнетін көріп отырған қадірлі қарттар. Бала-шағасының қызығын көріп, мағыналы ғұмыр кешіп жатқан ауылдың абыройлы ақсақалдары. Ардагерлердің алды - 90 жастан асып, 100-ге жақындаған көкіректері шежіре-сырға толы абыздар. Кезінде өздері тер төгіп, еңбек еткен мал шаруашылығының бүге-шүгесіне дейін білетін, мал бағып, төрт түлікті түлеткенде қандай жетістіктерге жетуге болатыныны айтудан жалықпайтын жандар.
Есімдері ел-жұртқа жайылған бұл кісілердің бәрі де - кезінде заманның ағынынна ілесіп, аттан түспей, еңбек жолында жүріп, мал шаруашылығынан мол өнім алуда жылдық және бесжылдық жоспарларын асыра орындап, жеңімпаз болған майталмандар. Олардың бірқатарының құтты таяғын қолына ұстаған ұрпақтары қазіргі кезде ата кәсібін үзбей жалғастырып, абырой биігінен көрініп келеді. Кейбірінің ұл-қыздары - сан алуан салада әкелерінің атына қылау түсірмей, еселі еңбек етіп жүрген азаматтар.
Олардың еңбек жолдарының әрбір жылындағы толағай табыстары мен жеткен жетістіктері бір мақалаға сыймайтын, бір кітапқа арқау болатын әңгіме. Соның ішінде мал шаруашылығында еңбек еткен адам - қызығынан гөрі «шыжығы» көбірек ата кәсіптің иелері. Оған талмай, талаптанып, бейнетіне көніп, еңбектенген адам ғана табысқа жетіп, құрметке бөленетіні айтпасақ та түсінікті.
Халқымызда «Дихан жауын жауғанда тынады, ал шаруа өле-өлгенде тынбайды» деген сөз бар. Міне, бұл шаруашылықта еңбек еткен адамдардың күн-түн демей тынымсыз еңбек ететінін, малшының жауапкершілік жүгінің ауыр екенін аңғарамыз.
Еңбек дегенде есімдері еске түсіп, аттары аталып отырған бұл ардагерлердің қай-қайсысы да мақтап, мақтануға тұратын тұрлаулы тұлғалар. Өмір жолдары бүгінгі жас ұрпаққа өшпес өнеге боларлық ерен еңбектің үлгісін танытқандар.
Сондықтан арамызда жүрген ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсете беру артық болмайды. Өйткені бұл кісілер кешегі кезеңде арысы облыстың, берісі Бейнеу ауданының ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан нағыз еңбек адамдары болды.
Аттары аталған ардагерлердің өмірде ұлағатты ұрпақ өрбітіп, із қалдырған тәрбиесі бір бөлек әңгіме. Қазіргі қатардағы қарттарымыздың әр бірі асқар таудай әке, ақылшы ата, отбасының алтын діңі секілді бай, қуатты өмір жүріп жатыр. Олар - татулығы мен әзілі жарасқан бір ауылдың тұрғындары. Ел құрметіне бөленген, сыйлы қарттар. Сөз соңында еңбек етіп, тынбаған, жігерін жанып,шыңдаған қарттарым,аман-сау жүрші, сын сағаттарда сынбаған, - деймін.
Кәрісбай Әділ