©
Менің облыс айнасы – «Коммунистік жол» газетімен алғашқы байланысым сонау 1982 жылдан басталады. Алматы Жоғары партия мектебін бітіретін сол жылы алғаш рет «Маңғыстау пернелері» атты топтама өлеңдерімді жібергенмін. Партия мектебінің оқу залына әр облыстың, тіпті әр ауданның газеттері келіп тұратын. Тапсырмамен кей газеттерге шолу жасайтынбыз. Күнде қараймын. Бірде асыға күтіп жүрген газет нөмірі қолға тиді-ау, өлеңдерім сол күйінде жарияланыпты. Қатты қуанғаным есімде.
1985 жылдың сәуірінде жаңадан ашылып жатқан Бейнеу аудандық «Ленин жолы» газетіне редактор болып келдім де, облыстық газетпен тығыз байланыс орнаттым. Редакторы – Киікбай Мырзағұлов болатын. Тұрақты түрде мақала, репортаж, очерк, өлеңдер жіберіп тұрдым, олар кедергісіз жарияланды. Әрине, редакторлыққа қолы жеткен адамның материал жазуды міндетім деп санамайтыны бар. Менің де жазбауыма болатын. Бірақ нағыз журналист қай лауазымға барса да жазудан қол үзбеуі керек, жазу қабілеті адамға туа бітеді, оны тастауға болмайды, ал қол үзетіндердің журналист еместігі анық. Облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі, облыстық журналистер ұйымы ұйымдастырған жиналыс, семинарларға жиі келетінбіз. Аудандық газеттер мен баспаханалар ол кезде баспасөз, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі облыстық басқармаға қарайтын, басқарма газет редакцияларын полиграфиялық, материалдық жағынан толық қамтамасыз етіп отыруға міндетті болғанымен кадрлық іріктеуге араласпайтын. Барлық деңгейдегі редакторлар және облыстық газет бас редакторының орынбасарлары, оның бөлім меңгерушілеріне дейін облыстық партия комитетінің бюросында бекитін.
Басқарма бастықтары Тұрарбек Игіліковтен кабинеттік гарнитур, жаңа «Нива» автомашинасын, Шабаз Иманалиевтен Мұнайлы аудандық газеті жабылып жатқан кезде оның көптеген кеңселік тауарларын және «УАЗ» автомашинасын сұрап алғаным бар.
«Коммунистік жол» газеті жабылған тұста біраз журналистер жұмыссыз қалды. Осы кезде Бейнеу аудандық «Ленин жолы» газетінен босаған бөлім меңгерушілігінің бір орнын аудандық партия комитетімен келісе отырып жұмыссыз қалған журналистер үшін ұстадым. Көп кешікпей ол орынға журналист Темір Мыңжас шақырылып, үймен де қамтамасыз етілді. Егер орын жоқ десем мені ешкім зорламайтын еді.
Редакторы Ғалым Әріп болып отырған бүгінгі «Маңғыстау» беттерінде жаңалыққа, сапалыққа, мазмұндылыққа деген соны құлшыныс бар екенін бірден аңғаруға болады. Газет атауының, бояуының өзгеруі ғана емес, полиграфиялық безендірілуі, материалдардың беттерге орналастырылуы, мәнді информациялардың көптігі, айшықты тақырыптар көңілге қуаныш ұялатады.
Маңғаз өлкем шежіресін жазатын, Бас газетім – бас жазушы, бас ақын. «Маңғыстауым» – бас археолог та өзіңсің, Құм тау басқан мұраларды қазатын.
Таңдандырған талайларды аймақ бұл, Тамсандырған талайларды қаймақ бұл. Бас газетім парақтасам өзіңді, Бабам ізі айқұш-ұйқыш сайрап тұр. Өзің болдың қаламгерлер ұясы, Баспалдақсың тұрса алда қия шың. Қамқорлаған бас ұстаз да өзіңсің, Өлеңдерім сенде шықты, Кеппестен-ақ сиясы. Аралаған қалың ойдың орманын, Талай саған сыр ғып айтты арманын. Шығармамды бас сыншым да өзің боп, Сараладың, Дараладың, Талдадың. Өрнектеген түбегімді қайтадан, Жаңғырыққан мотор даусы – айтар ән. Репортаж, очерк боп сақтаулы, Суын жайылыс – Каспий түбі май табан. Өңі өзгерген бүгін, міне, даланың, Теңіз тербеп желпіп майда самалын. «Маңғыстауым» – дана ойларың өрістеп, Қарымды боп мұқалмасын қаламың.Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері