©
Қысы-жазы жайқалып тұратын бақ немесе тропикалық джунгли. Мектебімізде орналасқан жылыжайды дәл осылай атауға болады. Қазіргі кезде Маңғыстау ауданындағы Өтес ауылының температурасы далада -20С көрсетіп тұрса, мектебіміздің жылыжайында су бұрқағы атқылап, гүлдер құлпыра өсіп тұрғанда бейне бір тропик ормандарында жүргендей сезінесіз. Көздің жауын алатын өсімдіктер мекені. Мұнда тропикалық өсімдіктер де, жемістер де бар. Әсемдік пен эстетика үйлесім тапқан жылыжайдың таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді. Жылыжайда өсімдіктің 74-ке жуық түрі бар. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет. Махаббатқа бөленген гүлдер мен жемістер өнімді мол береді. Бүгінгі таңда жылыжайда түрлі өсімдіктер өсіп, таңғажайып баққа айналды. Енді сол түрлі өсімдіктерді көру үшін ауыл тұрғындары Өтес орта мектебіне ағылуда.
«Өсімдіктер өте бейімделгіш келеді. Бастысы оларға лайық жағдай жасалу керек. Жарық пен жылу беріп қана қоймай, уақтылы суару, қоректендіру қажет. Күтім болса, өнімді де көп алуға болады. Ал төгілген гүл мен хош иіс жанға жайлылық береді. Жылыжайды күтуші мектеп қызметкерлері Қосбергенов Асылбек пен Жағалбаев Махамбеттің еңбектері зор. Көпшілікті тәнті еткен тәтті бұрыштар мен қиярларды тамашалап оқушылар келеді. Жанға ләззат сыйлар хош иіс, жылы леп, таза ауа, көз тартар гүлдер мен бағалы ағаштар жылдың төрт мезгілінде жайқалып тұрады. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде», - дейді мектеп директоры Алтынгүл Назарова.
Гүлсім НӘДІРОВА, Өтес орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Тағы оқыңыз: Мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын айтты