«Бүгінгі жастар – ел ертеңі» демекші, ауданның әлеуметтік экономикасын дамытуға үлес қосып, аудан халқын жылыжай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Ескі Шетпеден жылыжай құрылысын салып, өнімін алып отырған 21 жасар Нұрсұлтан Шаңдығұл аудандағы белсенді іскер жастарды қолдау мақсатында дәстүрлі түрде өткізілетін «Жас қанат-2017» байқауында «Жас кәсіпкер» номинациясымен марапатталды.
Жас кәсіпкердің іскерлігін көру мақсатында жылыжайға бардық. Ескі Шетпедегі тұрғын үйінің маңынан егін шаруашылығына арналған құрылыс орнының 20х20 шаршы метр жеріне егін егіліп, сырты арнайы қоршалған. Ішіне қатар-қатар қызанақ пен қияр егіліпті. Егін егуге арнайы орындар дайындалып, сырттары әктелген. Жылыжай іші күнделікті теледидардан көргендей-ақ. Бұрын соңды мұндай іспен аудан орталығында ешкім айналыспаған еді.
«Жас келсе іске» демекші, оқуын бітіре салысымен бірден кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған Нұрсұлтан ісінің оңғарылып кетеріне күмәні де болмаған. 2012 жылы Шетпе Гимназиясынан 9 сыныпты аяқтасымен Астана қаласындағы политехникалық колледжінің «Құрылысшы техник» мамандығына оқуға түседі. 2016 жылы оқуын тәмамдаған соң аудандағы құрылыс мекемесіне жұмысқа орналаса жүріп, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне «Құрылыс» мамандығын тереңдете оқу үшін сырттай оқуға құжат тапсырды. Ойға алған кәсібі ауылдан жылыжай салу үшін үйінің маңынан жер алып, егін еге бастады.
Егін егу демекші, Нұрсұлтанға бұл кәсіп таңсық емес. Ол өздерінің Тасмұрын жеріндегі егін алқабына бұрыннан қауын, қарбыз, қияр, қызанақ егіп, еңбегінің жемісін көріп жүрген азамат. Осы ата кәсіпті меңгерген ол егін егуге деген іштей құмарлығы мен қызығушылығы бартын. Сондықтан ауданымызда жоқ кәсіп жылыжайдан егін егіп, халыққа қажетті өнімді игеруді мақсат тұтты. Әуелі С.Мұңалбаевтың жылыжайына барып, ондағы технологияларымен танысты. Содан кейін өз қаржыларына егін еге бастады. Еккен егіні көңіл көншітерлік өнім берген соң келесі жылы, яғни өткен 2017 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық бөлімшесі арқылы «Бастау бизнестен» білім алып, 3 млн теңгеге жылыжайға қажет поликорбанат жылыжай төбесін жабуға арналған қаптама, тамшылата суару қондырғылары мен жылыжай ішіне қолданылатын жылу жүйелері мен пештері, сонымен қатар егінге пайдаланатын дәрумендер алдыртып, егін еге бастады. Екі ай ішінде гүлдеп, екі айдан соң өнім жинай бастаған кәсіпкер, әр әккен сайын әрқайсысынан 13 тонна өнім алып отыр. Күннің бұлттылығына қарай суарып, күннен, табиғаттан алатын қажетті дәрумендерді егінге сумен бірге жіберіп отырады. Ал жәндіктерге қарсы дәрі-дәрмек егілмейді, өйткені егіні өзгеше егілген. Жерге емес, арнайы орынға. Оған жәндіктер кеп егіннің тамырын жемейді. Сондықтан өнім таза әрі дәрі-дәрмексіз. Егін бір рет егілгеннен соң ол топыраққа қайта егілмейді. Төрт ай сайын топырағын құнарландырады. Ол үшін алдымен бөлек топыраққа дәрумендер қосып, қопсытып, жылқының көңімен араластырып, бір айдай уақыт далада қояды. Егіннің өнімі толық алынғаннан соң топырықтарын жартылай далаға шығарып, арнайы дайындалған топырақпен араластырып, қайта егін еге бастайды. Осылайша жылына үш рет топырақтарын ауыстырып отырады.
Егін үшін қиярдың тұқымдарын Ақтөбеден, қызанақты Ақтау қаласынан әрқайсысынан 1000 түптен алдыртып, өнімнің өңін кіргізіп отырған жас кәсіпкер кәсібін дөңгелету үшін одан әрі қарай дамытуды мақсат етіп отыр. Қосымша тағы 20х20 жерге құрылыс салып, өнімнің көлемін ұлғайтуға жұмыстануда. Бүгінгі таңда тек қана аудан дүкендеріне ғана сатып жүрген кәсіпкер өнімдерін облыс орталығына, ірі кәсіпорындарға тапсыруды көздеуде.
Ұзын бойлы, қара торы жігіттің арманы биік, еңбегі адал, мақсаты айқын. Несібесін еккен егіні мен еткен еңбегінен тауып жүрген азаматқа еңбегіңнің жемісін көр демекпіз.
Ж. АМАНҚҰЛОВА
Тағы оқыңыз: Иегова ағымын насихаттаған бейнеулікке айыппұл салынды