Облыс әкімі Е.Тоғжанов бастаған бір топ басқарма басшылары жұмыс сапарымен Бозашы түбегіндегі төрт ауылда болды. Алдымен Ақшымырау, Қызан ауылына ат басын тіреп, ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауылдық мәдениет үйінде өткізген жиында өткен жылы жоспарланған жұмыстар мен аудан әкімі Ж. Айтуаровқа жүктелген міндеттердің орындалысы талқыланды.
Қызан - Ақшымырау ауылы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімі Ж.Айтуаров: "36 шақырымдық "Тиген - Тұщықұдық - Қызан - Ақшымырау" жолын асфальттауға жобалық-сметалық құжаты дайындалды. Бұл жоба үш жылға бекітілген бюджеттен 2019 жылға қаралып отыр. Сонымен қатар «Қазба-Ақшымырау» құбырымен келіп тұрған ауызсудың су диаметрін ауыстыру жұмысы басталды, су құбыры Қазбадан екі ауылға тіке тартылады. Аталған жұмыс қыркүйек айында іске қосылады. Қызан ауылынан мұғалімдер үшін құрылысы басталған 4 пәтерлік тұрғын үй мамыр айында пайдалануға беріледі. Әр жыл сайын жүргізілетін ауылішілік асфальт жолы биыл да жалғасын тауып, ауданымыздың тоқсан жылдық мерейтойы аясында алдымен аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл жолдарын жөндеуден бастағалы отырмыз. 5,5 шақырым қызанішілік асфальт жұмысы осы жылдың шілде айында аяқталады, ал Ақшымырау ауылішілік жолды асфальттау жұмысы 2019 жылдың бюджетінен қарастырылады деп күтіліп отыр. Мал шаруашылығымен отырған елді мекен тұрғындарының ет өнімдеріне «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамымен келісім шартқа отырып, тапсырыс алып отырмыз. Сонымен қатар аудан орталығынан ашылған ет консерві цехына да мал өнімдерін тапсыруға мүмкіндік бар. Ауыл халқы үшін тағы бір жағымды жаңалық «Коммунай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызан, Ақшымырау халқына 0,25 гектар жерге жылыжай салып беруді қолға алып отыр. Биылғы жылы осы екі елді мекен жылыжай өнімдерін пайдалана алатын болады. Енді алдағы тұрған үлкен мәселенің бірі, көп жылдардан бері түйіні шешілмей келе жатқаны - интернет жүйесі. Мектеп, аурухана, тұрғын үйлерді интернет желісіне қосу мәселесі шешімін таппай жатыр" - деген аудан әкімінің сөзінен кейін облыс әкімі Е.Тоғжанов «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық бөлімшесінінң бастығы И.Сәрсенбаев мен облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары С.Нарешоваға тапсырма беріп, интернет желісіне қосуға қажетті 437 млн теңге қаржы бөлуді тапсырды. Осылайша қаншама жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан Бозашы түбегіндегі 4 ауылдың интернет желісінің шешімі табылатын болғандығы жергілікті халықтың көңілін көтеріп тастады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен асыл тұқымды мал басына, егін шаруашылығы, ауыл шаруашылығын дамытуға, құдық қазуға берілетін субсидиялар төңірегінде түсінік берді. Түйе шаруашылығына, сүт, шұбат өнімдерінің әр литріне - 95 теңгеден, етке - 92 теңгеден, аналық асыл тұқымды мал басына - 150 мың теңгеден, егін шаруашылығының әр гектарына - 5 млн, құдық қазу үшін кеткен шығынның 80 пайызын өндіруге, кооператив құру құрылысына - 30 пайызын, шыққан шығынға - 50 пайызын субсидиялау жөнінде ауыл тұрғындарын хабардар етті.
Мұнан соң облыс әкімі Е. Тоғжанов алғаш рет Маңғыстау облысында бастау алып отырған ірі жоба «Нұр капитал» жөнінде айтып өтті. Ауыл шаруашылығын дамытамын деуші азаматтарға ірі жобасы үшін 1 пайызбен несие беріледі. Ол үшін жеке кәсіпкердің қаржысына «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 1,2 көлемінде қаржы қосып береді. Бұдан соң «Бизнестің жол картасы» арқылы несиені субсидиялап, 1 пайызбен жеке азаматтарға несие беріледі. Бұл жобаға 2 млрд 700 млн қаржы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен «Бизнестің жол қартасы» арқылы қаржы қарастырылып отыр. Осы жоба арқылы қаржы жаңа жұмыс орнын, өндіріс орындарын ашатын азаматтарға беріледі. Елімізде болашақта шағын және орта бизнес дамиды. Бұл аталған жоба 15 қаңтардан бастап жүзеге асырылады. Өндіріс орнын, ауыл шаруашылығын дамытамын деуші кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсететін боламыз. Сонымен қатар несиелік серіктестік жобасы. Бұл жерде серіктестікке 20 адам мүшелік етеді. Әр адам 150 мың теңгеден ақша қосып 3 млн теңгеге 45 млн теңге несие рәсімдей алады. Бұл қаржыға көптеген мәселені шешіп, ірі шаруашылық құруға, ойға алған кәсіпті бастауға үлкен мүмкіндік беріледі деп облыс әкімі Е.Тоғжанов үлкен мәселелер жөнінде ауыл тұрғындарына құлағдар етті.
Мұнан соң ауылішілік мәселелерге байланысты ауыл тұрғындарының сөздеріне құлақ түрді. Ауыл ардагері Ж.Тұраров құдық қазу мәселесін сөз етсе, Ж.Әуелбайұлы пошта ғимаратының тарлығын тілге тиек етті. Қ.Нұрғожин Тобықтыдағы жерасты мешітінде рухани азық алатын кітап қорын аршып алу жолдарын сұраса, Б.Алтыбаев газ мәселесінің бақылауда ұсталуын сұрады. Тұрғындар талабын қанағаттандырып, барлық сұрақтарына тұщымды жауап беріп, мәселені сол жерде шешіп берген облыс әкіміне ауыл ақсақалы Ж.Тұраров алғыс білдірді.
Ақшымырау ауылы тұрғындары да ауыл үшін басты мәселе болған интернет жүйесінің шешімін тапқанына ризашылығын білдіріп жатты. Ауыл тұрғыны Р. Ізтілеуов мал етінің бағасының төмендігін, М. Ақжігітов Ақшымырау ауылы асфальттанғанға дейін жол күреліп, халыққа жағдай жасалса деген пікірін білдірсе, ауыл шаруашылығын дамыту үшін берілетін несиелендіру, бизнес құру жөнінде ауыл тұрғындарын ауылға келіп білім берсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Тұщықұдық, Шебір. Мұнан соң облыс әкімі Тұщықұдық, Шебір ауылдарына ат басын тіреді. Ауыл тұрғындары алдында сөз алған аудан әкімі Ж.Айтуаров екі ауылға байланысты тапсырылған тапсырмалар жөнінде баяндады. Аудан мен ауыл, ауыл мен қала жолдарының арасын жақсарту мәселесі бойынша 22 шақырым қашықтықтағы Ақтау, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарына қарай шығатын көлік жолдарын асфальттау жұмыстары басталып кетті. Қияқты-Тұщықұдық, 28 шақырымдық Тасмұрын-Тұщықұдық жолдарын асфальттау жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары дайын. Жоғары жылдамдықты интернет байланысы бүгінгі жиналыстарда шешімін тапты. Төрт ауылға полигон салу жұмысының жобалық сметалық құжаттарына қаржы мәселесі шешімін тапса 2019-2020 жылға салдыруды жоспарлап отырмыз. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында С.Жанғабылов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізсек деген ұсынысын жеткізді.
Ауыл тұрғындары жем бағасының қымбатсуы, су мәселесіне байланысты пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі Е.Тоғжанов ауыл тұрғындарының пікірлеріне құлақ асып, мәселенің шешімін тауып, сонымен қатар аудан әкімінің ұсынысын жерге тастамай облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары С.Нарешоваға мектепке қажетті күрделі жөндеу үшін 69 млн теңгені бөлуді тапсырды.
Ж.АМАНҚҰЛОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46249,46246,46248,46252,46251,46250,46253,46254,46256"] Тағы оқыңыз: Маңғыстауға қатысты ит жылғы оқиғалар