©
Өткен жұмада мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен «Жас Отан» ЖҚ Түпқараған ауданы бөлімшесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Шын жүректен» атты қайырымдылық концерті болып өтті.
«Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады» деген Шәкәрім Құдайбергенов сөзін мақсат еткен аудан жастары бұл концертте жаңа өнерге қадам басып келе жатырған талапты жастардың басын құраған екен. Сахна шымылдығын әуесқой гитарашылардан құралған «әуесқой гитарашылар» тобы ашты. Сонымен қатар, қайырымдылық концертіне ауданымыздағы «Қызғалдақтар» Үлгілі би ансамблінің түлектері, қазіргі таңда Ақтау қаласындағы «Жорға» халықтық би ансамблінің мүшелері ретінде танылып жүрген өнерпаздар Ақмарал Қапурынова мен Айгерім Құдайбергенова арнайы келіп, өздерінің әдемі би нөмірлерін ұсынды. Максим Горький атындағы мектеп-лицейінің «Горький жастары» жайдарман тобы да жастарға жоғары көңіл-күй сыйласа, Қуанышбек Сабанов және Әсел Бақытова, Архат Бисембаев сынды өнерпаздар орындауында әндер шырқалды.
Концерт барысында әр нөмір сайын ұйымдастырушылар тарапынан ұтыс билеттері ойнатылып, ұтысқа ұялы телефон бірліктері тігілді. Концерт көріп, қайырымдылық жасаған көрермендер залда арнайы қойылған жәшікке өз көңіл патшаларына қарай ақшаларын да салып жатты. Концерт ұйымдастырушылары Наурызбек Мағдатов:
-Бұл концерттен түскен қаржыға 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлау жоспарда бар. Қаладағы «Дәулет» шағын мейрамханасында кеш ұйымдастырмақшымыз. Өздерінің қоғамға қажет екендіктерін ұқтырып, көңіл бөлу арқылы қайырымдылық жасауды мақсат етіп отырған акциямызға қатысып жатқандарға алғысымызды білдіреміз!
Жастар қашанда қайырымды істің басынан табылатынын осы бастамада тағы бір дәлелдеді.
Милана Елеусінова