Бүгін Жаңаөзенге қазақ боксының негізін салушы Шоқыр Бөлтекұлының алғашқы шәкірті, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан бокс федерациясы атқару комитетінің мүшесі Серік Әбдінәлиев, боксшы, халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов, Лондонда, Рио-де-Жанейрода өткен жазғы олимпиада ойындарының бокстан күміс жүлдегері, Бакуде өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов келді. Споршылардың Жаңаөзенге сапары қаланың кіреберісі «Жаңаөзен» стелласынан басталды.
- Біз мұнайлы өлкеге Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға шақыру мақсатында келіп отырмыз. Делегациямызда елімізге танымал бокстан спорт шеберлері бар. Жастар спортпен шұғылдануы қажет. Қазақ елінің намысын қорғау керек. Жұмыс сапарымыздың мақсаты осы. Кездесулер ұйымдастырамыз, шеберлік сабақтарын өткіземіз, - деді, бокстан ҚР-ның бас жаттықтырушысы Е.Ыбрайымов.
Қаланың кірберісінде ас ұсынылып, еркін әңгімелесіп, естелік суретке түскеннен кейін көк байрақты желбіреткен бүгінгі күннің батырлары «Мұнайшы» мәдениет сарайына жиналған жаңаөзендік жастармен кездесті. Кездесуге қала мен іргелес орналасқан ауыл спорт мектептерінің шәкірттері, колледж студенттері, жаттықтырушылар қатысты. Спорт шеберлері жастарға салаутты өмір салтымен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған бүгінгі заманда спортпен шұғылдану қажеттігін айтты. Қала әкімінің орынбасары И.Сағынбаев, №2-ші спорт мектебінің бокстан жаттықтырушы Жүгініс Жарылғапұлы, ауыр атлетика жаттықтырушысы Әділмағанбет Жаңбыров спорт шеберлеріне алғысын білдіріп, игі тілектерін жеткізді.
- Ақтау қаласында Шоқыр Бөлтекұлының 10-шы халықаралық турнирі өтіп жатыр. Осы додаға еліміздің бетке ұстар Қанат Ислам, Бақтияр Артаев секілді т.б. спортшылары келді. Бүгін жастармен кездесу ұйымдастыру мақсатында Жаңаөзен қаласына ат басын бұрған жайымыз бар. Чемпиондарды көріп жастарымыз да чемпион болуға ұмтылады деп сенемін, - деді Ә.Ниязымбетов.
Бұл күні былғары қолғап шеберлері ауыр атлетика спорт мектебінде, «Бұрғылау» ЖШС-да, Рахмет Өтесінов атындағы Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Онда спортшылар жиналған жастармен шеберлік сабағын өткізіп, тәжірбелерімен бөлісті.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бәсекелік қабілеттікті арнайы бір бөлімінде қарастырып, ұлттың табысты болуы табиғи байлықпен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалатынын айтқан болатын. Дәл осы рухани жаңғырудағы бәсекеге қабілеттілік спорт саласына да тікелей қатысты. Өйткені, ел спортшылары әлемдік, халықаралық жарыстарда бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп, өз ұлтының патриоты екенін дәлелдейді. Сол себепті де, спортшыларға үлкен үміт артылады.
Айта кетер болсақ, Ақтауда 4-ші қазан күні Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан Х халықаралық турнир басталды. «Маңғыстау арена» спорт кешенінде он салмақ дәрежесінде өтіп жатқан байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Польша, Әзірбайжан, Финляндия, Моңғолия, Түркменстан, Белорусия, Армения мен Грузия мемлекеттерінен 200 боксшы қатысуда. Боксшылардың тартысы 7-ші қазан күні қорытындыланбақ.
Жазира Бақсыйыққызы